Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ломбардтар ТЖ кезін есепке алмай, үстемақы төлеттіруде

Қазақстанда карантинге байланысты сәуір айында ломбардтар жұмыс істемесе де, кейбір шағын несиелік ұйымдар пайыздық мөлшерлемелерді тұрғындарға төлеттіріп жатыр. Петропавл тұрғындары кейбір ломбардтар карантинге жабылған кезде үстемақыны тоқтатып тастаса, ал кейбірі пайыздарын төлеуді талап етіп жатқандарын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттгі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

ломбардНаразы ломбард клиенттері - Гүлсім Шаланова мен Айтолқын Қойтанова

Елде ТЖ жарияланбай жатып ломбардқа қара күзен тапсырып қарызға ақша алғандардың бірі Гүлсім Шаланова карантин режимі күшейтіліп, барлық шағын несие беру ұйымдары жұмыстарын тоқтатқаннан кейін сәуір айында тапсырған затын қайта ала алмағанын айтады. Енді ломбардтар жұмысын жалғастырғаннан кейін келсе, карантин мезгілінде де 0,2%-дық үстемақыны төлеуге міндеттеген. 

"Жиырма мыңға тапсырғанмын, енді үстіне бақандай тоғыз мың теңгені қосып қойыпты. Мен хабарласып сұраған болатынмын. "Қорықпаңыз, ешнәрсе болмайды" деп жауап берген еді", - дейді Гүлсім Шаланова. 

Петропавлда карантин уақытында ломбардқа тапсырылған бұйымдары мен бағалы заттарын ала алмағандар сәуір айына пайыздық мөлшерлеме қосылады дегенге ашулы. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып барлық мекемелер жұмысын тоқтатқан кезде бағалы заттарымызды қайтып сатып ала алмадық дейді көбі. Шағымданушылардың барлығы да Гарант.kz ломбардының клиенттері екен.

"Жүз бес мың теңгені 16 күнге ұзартқан болатынмын. Қайтып келсем, карантин уақытын қосып, маған кешіктірген ақшаңызды төлеңіз дейді", - деді Айтолқын Қойтанова. 

Бұл мәселеде Гарант.kz ломбардының қызметкерлері заң аясында жұмыс істедік дейді. Бірақ арна журналистерінің камераларына бет-жүздерін көрсетуге бас тартқан. 

Ашынған азаматтар Ұлттық банкке арыз жазып, прокуратура органдарына шағымданатынын айтады. 

Талқылау