Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы президент сайлауының қорытындысы қашан жарияланады

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы бейсенбі күнгі отырыста Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Орталық сайлау комиссия басшысының орынбасары Константин Петров заңнамаға сәйкес кезектен тыс президенттік сайлау бекітілген күннен бастап екі ай ішінде өткізілетінін еске салды.

23 қыркүйектен 21 қазанға дейін ОСК кандидаттардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін белгілейді.

Президенттікке кандидаттар сайлауға дейінгі үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды. Аталған шара 28 күнге созылады. 

"ҚР Президенті сайлауына қатысуға кандидаттарды ұсыну ертең басталып, 11 қазанға дейін жалғасады (19 күн). Сонымен қатар 23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында кандидаттың Конституция және Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін анықтау шарасы ұйымдастырылады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу жұмысы 21 қазан мен 18 қараша аралығында өтеді. Яғни 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады", - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның айтуынша, 19 қараша — сайлау алдындағы тыныштық күні.

"20 қараша дауыс беру күні, яғни сайлау. 21 қарашадан 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын ала қорытындысын шығару жүргізіледі. 27 қараша нәтижелерді белгілеу және сайланған президентті тіркеу іске асады. Сайлау қорытындылары туралы хабарды БАҚ-та 10 күннен кешіктірмей жариялау керек. Яғни, 30 қарашаға дейін барлық сайлау рәсімдері мен ресми жарияланымдар жүзеге асырылады", - деді Петров. 

Айта кетейік, ертеңнен бастап Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталады. Сондай-ақ, Президенттікке үміткерлер 3 млн теңге жарна төлейтіні белгілі болды.

Талқылау