Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандағы дизельді Ресейге тасуда": Энергетика министрлігі түсініктеме берді

WhatsApp мессенджерінде автожанармай құю станциясында түсірілген бейнеролик таратылуда. Видео авторы дизель отыны Ресей азаматтарына төмендетілген бағамен сатылып жатқанын, ал қазақстандықтарға жанармай мүлдем жоқ немесе оны жоғары бағамен өткізеді деп айтады. Ақпаратқа байланысты энергетика министрлігі мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі StopFake.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

дизель

ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Ақтөбе әкімдігінің ақпараты бойынша "Убайдуллин М.ЖК" ЖҚС-да (видеоға түсірілген) АИ-92 маркалы бензин литріне 164 теңгеден сатылған. Бұл АЖҚС-та дизель отыны сатылмайды. Дизель отыны Бадамша және Қос-Естек ауылдарында еркін сатылуда”, – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар хабарламада осы жылдың мамыр айынан бастап "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрық қолданылатынын, оған сәйкес елден бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынғаны айтылған. Дайындаушы зауыт қарастырған автокөліктің бензин бактарында жағар майлар мен мұнай өнімдерін, сондай-ақ көлемі 20 литрден аспайтын жеке ыдыстарда ЖЖМ ғана әкетуге рұқсат етіледі.

Бұл бұйрық күшіне енген сәттен бастап алты айға қабылданды, бірақ қазір оның мерзімін ұзарту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Министрлік өкілдері жанар-жағармайдың әкетілуіне куә болған барлық адамдарды Қазақстан Республикасының ІІМ, ҚМ МКК немесе ҰҚК Шекара қызметіне жүгінуге шақырды.

Талқылау