Қазақстанда жаңа байланыс операторлары пайда болады және олардың тарифтері арзан болмақ
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстандағы байланыс пен интернет сапасы мәселесі қалай шешілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Асхат Оразбектің айтуынша, "Қолжетімді интернет" жобасы аясында министрлік нарыққа жаңа шағын және орта байланыс операторларын шығаруды жоспарлап отыр. Ведомство бұл шағын бизнес монополистерге қарамай жұмыс істейтін бәсекеге қабілетті нарық жасайды деп санайды.
"Ұялы байланысқа келер болсақ, бізде "Қазақтелеком" компаниялар тобы сынды доминант және бір тәуелсіз ұялы байланыс операторы – Beeline бар. Қазір "Мобайл Телеком-Сервис" жеке инвесторға сатылып жатыр және нарықта үш оператор болады", – деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Сонымен қатар, байланыс, цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері жөніндегі заң аясында министрлік виртуалды ұялы байланыс операторларын реттеуді бастайды. Идея мынада: ЦДИАӨМ оларға қажетті инфрақұрылымды ұсынғандықтан шағын операторлар қызметтерінің тарифін төмендетеді.
"Осылайша, виртуалды ұялы байланыс операторларының қызметтері қазіргі операторларға қарағанда арзанырақ болады. Әрине, олар инфрақұрылымды жалға алу үшін төлейді, сол себепті айтарлықтай айырмашылық болмайды, бірақ сапа айырмашылығы болатыны сөзсіз. Мерзімі – 2027 жыл", – деді Асхат Оразбек.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс операторларының тариф бағасын негізсіз қымбаттатып, халықтың қалтасын қағып отырғанын айтып, мәселе көтерген еді.