Қазақстанда жалған вакцинация паспортын жасағандарға қандай жаза қолданылмақ
Вакцинация төлқұжаттарын сатты деген күдікке ілінген алматылық дәрігерлер жұмыстан шығып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Вакцина төлқұжатын сату фактілері әлі де тексеріліп жатқанына қарамастан, екі қызметкер өз еріктерімен жұмыстан шығуға өтініш жазған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасында талқыланды. Бірден екі қалалық емхана тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Қазір бұл медициналық мекемелердің дәрігерлерінен жауап алынуда.
Вакцина салғызғысы келмейтін Алматылықтарға вакцина салдырды деген жалған төлқұжат сатылып жатқаны белгілі болды. Қаланың белгілі екі емханасында осындай жағдай орын алып, қазір медициналық мекемелер тексерілуде. Төлқұжат сатты деп айыпталған екі қызметкер бірден жұмыстан шығады.
"Осы әрекеттерді жасаған медицина қызметкерлері өз еріктерімен жұмыстан шығып кетті. Қазіргі таңда медициналық қызметкерлерге қатысты тиісті органдар шаралар қолданып жатыр. Біз дәрігерлерді бір-бірлеп тексердік", - дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының заңгері Мақпал Сералинова.
Дәрігерлер қанша адамға жалған төлқұжат жасағаны, бұрыннан бері осы іспен айналысып, айналыспағаны әзірге белгісіз. Бұл туралы құқық қорғау органдары қосымша хабарлайтын болады. Алайда, қазақстан бойынша жалған төлқұжат бағасы 5-тен 15 мың теңгеге дейін. Электрондық паспорт бизнесі қазір үлкен сұранысқа ие болып тұр.
- Қазақстанда алынған вакцинация паспорты шетелде жарамды ма?
- Алматыда вакцинация паспортын сатқандардың бірі ұсталды
"Егер адамдарды жұмыста вакцинациялауға мәжбүрлейтін болса, мұндай іс әлдеқайда көбеймек. Өйткені вакцина салдырғысы келмейтін адам, жалған төлқұжатты сатып ала салады", - дейді медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Каукенова.
Дәрігердің сөзінше мұндай деректер тек Алматы қаласында емес, елдің басқа да аймақтарында тіркелуде.
"10 және 30 мыңға екпе төлқұжатын сатып алуды ұсынатыны туралы жазылып жатыр. Және мұндай деректер Шымкент, Қарағанды, Алматы қалаларында кездесуде. Сонымен қатар, жалған вакцина төлқұжатын жасатқан адамдарға арналған екпе бірден жойылады. Бұның соңы жақсылыққа алып бармайды", - дейді Ботагөз Каукенова
Қазіргі таңда жалған вакцинация құжатын жасағандар тергеліп жатыр.
"Бұл факт ҚР қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Іс бойынша тергеуді Алматы қаласы полиция департаменті анықтау басқармасы жүргізуде. Іске қатысы бар екі әйелдің әрекетіне заңды түрде баға беріледі", - дейді Алматы қалалық полиция депаратаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.