"Алаяқтықпен тең": Депутат өтірік ажырасып, үй алатын қазақстандықтарды сынға алды
Депутат Жарқынбек Амантайұлы елімізде әлеуметтік көмек алу үшін ресми түрде ажырасып, бірге тұруын жалғастыратын отбасылардың көп екенін айтып, депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Депутат өз сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға бағыттады. Депутаттың айтуынша, 2024 жылы Қазақстан әлемдегі ажырасу деңгейі ең жоғары елдердің бестігіне енген.
"2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты. Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Президент атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында отбасылардың арасында жалған ажырасу дерегі жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын”, – дейді депутат.
Жарқынбек Амантайұлы жыл басында өңірлерді аралау барысында аймақтағы әкімдер жалған ажырасу фактісі көбейгенін айтып, дабыл қаққанын атап өтті.
"Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етуде”, – дейді депутат.
Мәжілісмен соңғы уақытта сот тәжірибесінде "жалған ажырасу" деген тіркес жиі айтыла бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық тұрғыда баға берілсе, "жалған неке" де, "жалған ажырасу" да алаяқтықпен тең.
Сондай-ақ депутат мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені қадағалау қажет екенін де айтты.
"Мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені ретеудің де тетігін қарастыратын уақыт жетті. Осы ретте, жауапсыз тұлғалардан алимент өндіру ісін де жетілдіру аса маңызды. Біз үкіметтен осы бағытта заңға сапалы өзгертулер
мен толықтырулар әзірлеп, ұсынуын күтеміз”, – дейді депутат.