Қазақстанда тағы бір жол ақылы болды
26 қаңтардан бастап Қызылорда – Арал жолы ақылы болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТАСС
Қызылорда мен Аралды байланыстыратын жол автобустар мен жүк көліктері үшін ақылы болды. Атап айтқанда, оның 454 шақырымдық бөлігі ІІ техникалық категорияның нормативтік талаптарына сәйкес келеді.
Жолда стационарлық төлем пункттері болмайды, өйткені қазір "ашық" төлем жүйесі қолданылады. Өткізу ақысы қолма-қол ақшасыз төлем әдісімен жүзеге асырылады.
Бір бағыт бойынша (454 шақырым) өту құны:
- 16 орынға дейінгі автобустар, 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 2840 теңге (алдын ала төлем) / 3330 теңге (кейінгі төлем);
- 32 орынға дейінгі автобустар, 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 5750 теңге / 6740 теңге;
- 32 орыннан асатын автобустар, 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 8570 теңге / 10 100 теңге;
- 10–15 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 11 470 теңге / 13 470 теңге;
- 15 тоннадан асатын жүк көліктері: 14 290 теңге / 16 830 теңге.
Ақылы жолдан түскен қаражат жолды күтіп ұстауға, тәулік бойы патрульдеу, жол жамылғысының ақауларын жою, тазалық сақтау және қауіпсіздікті жақсартуға жұмсалады.
Еске салайық, бұған дейін келесі жылы Қазақстанда тағы 10 жол ақылы болатынын жаздық. 2025 жылы көлік жүргізушілерінен ақылы жолдарда жүргені үшін 60 миллиард теңге жинау жоспарланып отыр.