Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда табысы аз және қарызын кешіктірген азаматтарға несие беру талаптары қатаңдайды

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен кеңес өткізді. Жиын барысында қазақстандықтардың қарыздық жүктемесін азайту шаралары талқыланды. Табысы төмен азаматарға несие беру талаптары күшеймек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Рixabay.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді қарызын қайтара алмайтындарға несие бермеу үшін азаматтардың төлем қабілеттілігін мұқият тексеруді міндеттеуді ұсынды. Сондай-ақ қарызын мерзімінен кешіктірген қазақстандықтардың берешегін одан әрі арттыруға шектеу енгізгісі келетінін жеткізді.

Агенттік банктердің қаржылық тұрақтылығына теріс әсер ететін “нашар” несиелердің жиналуының алдын алу үшін қосымша шараларды (нормативтік және заңнамалық) қарастырады.

“Банктер проблемалық тұтынушылық несиелерді қайта құрылымдау жұмыстарын жалғастыруы керек. Яғни, қарыз алушылар қарызды өтеу кезінде қиындықтарға тап болған жағдайда, олар несиелердің шарттарын қайта қарастырады. Ең алдымен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіледі”, – делінген хабарламада.



Сондай-ақ кездесуде "Даму" қоры негізінде шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелерін кепілдендіру қорын құру мәселесі қаралды.

Банктер мен мемлекет кепілдік қорының шарттарын талқылауды жалғастырады. Бұл көптеген кәсіпорындардың қордан кепілдік алуына мүмкіндік береді. Ведомстволар арасындағы өзара әрекеттестікті жақсарту үшін Жобалық кеңсенің рөлі күшейтіледі. Бұл банктер мен "Бәйтерек" холдингі қатысатын синдикацияланған несиелер арқылы ірі жобаларды қаржыландыруға көмектеседі.

Бұған дейін Тоқаев банктерге қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек деп тапсырма берген еді.

Талқылау