Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаза қатаңдатылды: Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заңға қол қойды

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ҚР президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Заңмен мемлекет басшысының биыл 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалары іске асырылды.

Жаңа енгізілімге сәйкес ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғаларға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл – қылмысты әлеуметтік осал азаматтар санатына жататын тұлғалар жасағанда және сотталғандар ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған жағдайда қолданылмайды.

Парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталған жемқорларды жазасын өтеуге бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу мүмкіндігі тоқтатылды. Енді жемқорлар қауіпсіздігі барынша төмен колонияға ауысу үшін үлгілі тәртіп көрсетіп, залалды өтеп қана қоймай, тағайындалған жазаның бір бөлігін жабық түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Біршама қатаң жаза олардың ерекше өкілеттіктерімен байланысты.

Пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар  ашуға және иеленуге тыйым салынды.

Енді лауазымға тағайындалу кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға жарты жыл беріледі. Ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай берілетін болады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттарының болуына құқық беретін жағдайлар айқындалды. Олардың қатарына шетелде жұмыс істеу, оқу, тағылымдамадан өту, іссапарға бару, емделу немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болу жатады.

"Жоғарыда баяндалған барлық заңнамалық нормаларды қабылдау – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады", - деп қорытындылады өз сөзін О.Бектенов.

Талқылау