Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі": Тоқаев төтенше жағдайлар саласындағы олқылықтарды атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында су тасқыны мәселесін көтеріп, елде білікті мамандардың тапшылығы қатты сезілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Президент ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайтынын, оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс, дейді Тоқаев. 

“Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек", – деді ол.

Ол су тасқыны кезінде елде мамандар мен ғалымдардың жетіспейтінін байқалғанын айтады. Ел басшысының сөзінше, Қазақстандағы ғылымды бір күн немесе бір жылда дамыту мүмкін емес, ол үшін ұзақ уақытқа созылған табанды жұмыс керек.

"Қазақстанда ондаған жыл ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек”, – деді мемлекет басшысы. 

Енді су тасқыны салдарымен жұмыс істеу міндеті тұрғанын түсіндірді.

“Су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс", – деді президент.

Бұған дейін Тоқаев Алматыда сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін айтты. 

Талқылау