Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда несие берудің жаңа ережелері қашан күшіне енетіні белгілі болды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда несие берудің жаңа ережелері қашан күшіне енетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Агенттік басшысы жуырда қабылданған "Несие берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру туралы" заң аясында нақты шаралардың қашан басталатынын айтты. Заң президент тапсырмасымен әзірленген.

Заң аясында азаматтардың несие жүктемесін азайту мақсатында 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 90 күннен астам кешіктірілген төлемі бар жандарға тұтынушылық несие беруге тыйым салынады.

Ал 20 тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтыну несиелері бойынша төлемді кешіктіру 90 күнді құраса, сыйақы алуға тыйым салынады.

1 қыркүйектен бастап жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.


Несие алу үшін ерлі-зайыптының өзара келісімі керек: Қандай сомаға дейін рұқсат қажет болады


"Бұл жаңа ережелер отбасылардың мүдделерін қорғауға және ерлі-зайыптының бірінің келісімінсіз ірі тұтынушылық несиесін асығыс алуына жол бермеуге бағытталған. Келісім алу агенттіктің нормативтік актісімен белгіленеді", – деді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап өтелмеген несиелерді коллекторларға беруге екі жылдық мораторий енгізіледі. Бұл кезеңде несие берушілер мерзімі өткен несиелерді өндіріп алушыларға бере алмайды. 

Міндетті әскери қызметке шақырылған азаматтар үшін 20 тамыздан бастап олардың қызмет өткерген уақытына және әскери қызметтен шығарылғаннан кейін 60 күнге дейін сыйақы есептелмей, банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша кейінге қалдыру автоматты түрде жүргізіледі.

Қарыз алушылардың табысының ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету үшін берешекті өндіріп алу кезінде банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі (87 мың теңге) сомасы сақталады.

Несиелер бойынша алаяқтықты азайту мақсатында 1 қыркүйектен бастап несие берушілерге тұтынушының несие алудан ерікті бас тартуы болған жағдайда азаматтарға берілген несиелер бойынша берешегін есептен шығару міндеттемесі енгізілді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген автокөлік несиесі берілетіні туралы жазған едік. 

Талқылау