Қазақстанда мұғалімдер зейнеткерлікке 55-58 жасында шыға ала ма? Министр жауап берді
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мұғалімдерінің зейнетке 55-58 жас аралығында шығуы туралы мәселе талқылануда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бізде зейнетке шығу жасын белгілейтін заң бар. Егер біз мұғалімдерге иұндай мүмкіндік берсек, онда басқа саланың - денсаулық сақтау, мәдениет өкілдерін ескеру керек болады. Сол себептен бұл мәселе тек талқылауда тұр. Әзірге оң шешім қабылданған жоқ», - деп жауап берді министр пленарлық мәжілісінен кейін өткен баспасөз мәслихатында журналистердің қойған сұрағына.
Мектепте 30 жыл үздіксіз жұмыс істеген мұғалімдерге зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу туралы мәселе талқыға салынғаны хабарланды. Бұрынғы білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова егер мұғалім оқуды бітіргеннен кейін бірден мектепке жұмысқа келсе, онда оның стажына университеттегі оқу мерзімін енгізу туралы идеяны айтқан.
Қазақстанда ер адамдар 63 жаста, әйелдер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59 жасында зейнетке шығады. 1960 жылдан 1964 жылы туған қазақстандық әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен арттырылып отырады. 2027 жылға қарай әйелдер 63 жасында зейнетке шығады.