Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мүлдем "дефолт" болмайды – Ұлттық экономика министрі

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда үкімет тарапынан да, квазимемлекеттік немесе банк секторы тарапынан да дефолт болмайтынына сендірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Үкімет

Министр Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, елдің қаржылық жағдайы тұрақты, мемлекеттік резерв жеткілікті, жалпы экономика бақылауда.

"Импортқа қатысты... Бізде азық-түлік емес тауарларға байланысты импортқа тәуелділік бар. Ең әуелі, бұл құрылыс материалдары, жабдықтар, техника және басқа да тауарларға тәуелділік бар. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Біз агроөнеркәсіптік кешен мен өндіріс саласында жобаларды белсенді жүзеге асырып, негізгі тауар түрлері бойынша импортқа тәуелділікті азайтуды мақсат етіп отырмыз. Бұл тауарларға, әсіресе, валюталық курс өзгерісі бірінші кезекте әсер етеді. Мұндай валюталық ауытқулар әрқашан болған және бола береді. Мәселе, қалай әрекет ету және теріс әсерлерді азайту үшін алдын ала қандай шаралар қабылдау керек?" – деп жауап берді министр.

Айта кетейік, “дефолт” – бұл мемлекет немесе компания өз қаржылық міндеттемелерін орындамау жағдайы, яғни олар белгіленген мерзімде қарызды немесе пайыздарды төлемей қалуы. Мысалы, мемлекет немесе компанияның қарыздарын қайтаруда немесе облигацияларды төлеуде қабілетсіз болуына әкеп соғуы мүмкін. Дефолт көбінесе экономикалық дағдарыс немесе қаржылық қиындықтар кезінде болады. Мемлекеттер мен компаниялар дефолтқа ұшыраған кезде, бұл олардың несие рейтингін төмендетіп, инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары тарапынан сенім жоғалтады.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 271 миллиард теңге қарыз алатынын жаздық. Депутат Татьяна Савельеваның мәлімдемесіне сәйкес, несиелік келісімге Астанада 11 қазанда қол қойылған. Оның сомасы – 84,9 млрд иен 270,7 млрд теңге), ал өтеу мерзімі – 11 жыл. Жиналған қаражат республикалық бюджеттің бекітілген тапшылығы шегінде экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталады.

Талқылау