Қазақстанда мамыр айында 40 градусқа дейін аптап ыстық болады
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова алдағы айда ауа райы тұрақсыз болып, найзағай ойнайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pexels.com
Синоптің сөзінше, екпінді жел соғып, кей күндері бұршақ жаууы мүмкін.
"Айдың басым бөлігінде жоғары температуралы күндер басым болады: Республиканың солтүстік жартысында күндіз ауа +35 градусқа дейін, оңтүстік жартысында +40 градусқа дейін ысиды", – деді ол.
Алина Исмағұлованың хабарлауынша, суық толқын кезінде ауа температурасының солтүстік, шығыс және орталық облыстарда, оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнде –5 градусқа дейін, күндіз +15 градусқа дейін төмендеуі күтіледі. Қазақстанның батысы мен оңтүстік жартысында – түнде +5-ке дейін, күндіз +26 градусқа дейін.
"Мамыр айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. Ал мамырда жауын-шашын мөлшері республиканың батысында нормадан жоғары, оңтүстікте нормадан төмен болады", – деп түсіндірді Қазгидромет өкілі.