Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қайта вакциналау қараша айының соңында басталады: Цой кімдерге қандай екпе салынатынын түсіндіріп берді

Елімізде ревакцинация қараша айының соңында басталады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан соң қосымша дозаны алу ұсынылады", – деп жазды Цой Facebook парақшасында.

Ревакциналау 2021 жылдың қарашасының үшінші онкүндігінде басталады деп жоспарланып отыр.

"Ревакцинациялауға жататын негізінен тәуекел топтары (медицина мамандары, педагогтар, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ қарулы күш құрылымдарының қызметкерлері). Сонымен қатар 60 жастан асқан және өздігінен зерттеуден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар жандар", – деді Цой.

Оның айтуынша, ревакцинация үшін вакцинаның 1 ғана дозасы пайдаланылады. 

Министр ревакциналау кезінде кімге қандай вакцинаны егуге болатынын түсіндірді:

  • векторлық (Спутник) вакцинаны салдырғандар тоғыз айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын қосымша салдыра алады;
  • инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) вакциналарын салдырғандарға алты айдан кейін векторлық (Спутник) немесе м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын қайта алуға болады;
  • м-РНҚ (Pfizer) вакцинасын алғандар алты айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинасын қайта салдыра алады;
  • вакциналау курсы аяқталғаннан кейін коронавируспен ауырғандар жазылғаннан кейін үш айдан соң қайта вакциналаудан өтеді.  

Айта кетейік, кейбір вакциналар адам өмірінде бір рет қана жасалса жеткілікті, ал кейбір вакциналар белгілі бір уақыт өткенде күші қайтуы себепті қайта егіп тұру, яғни ревакциналау керек.

Талқылау