Қазақстанда карантин кезінде үйдегі зорлық-зомбылық артып кетті
Қазақстанда карантин кезінде үйінде отырып отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғандардың саны күрт артуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматы қаласында бір айда жәбір көрушілердің саны екі есе өсіпті. Қаладағы арнайы орталыққа 300-ден астам әйел хабарласып көмек сұрапты. Қазір көптеген нәзік жандылар үйіне оралудан қорқып, қоғамдық ұйымдарда тұрып келеді. Төтенше жағдай жарияланғалы әлеуметтік мекемеге келушілер саны да күр жоғарылапты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандардың көбі– қыз-келіншектер. Олардың арасында балаларынан зәбір көрген қариялармен қоса, ата-анасының қысымына шыдамаған жасөсіпімдер. Алайда күйеуінен таяқ жеген әйелдердің саны басқаларынан қарағанда артығырақ.
30 жастағы келіншек өз күйеуінен адам сенгісіз азап көргендердің бірі. Отасқанына 6 жыл болған жолдасы оны көгала қойдай сабауды әдетке айналдырған. Ақырында бұған шыдамаған ол екі баласын алып, үйден кетіп, бір айдан бері зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында тұрып жүр.
"Ұрыс-керіс түкке тұрғысыз сөзден шыға бастады. Енемнің айтқанын тыңдайды. Енем не үшін, білмеймін, мені баласына жамандай береді. Ұрғызады. Неше үшін мұндай ұрыс-керіс шығатынын, не ұнамайтынын білмеймін", - дейді қорлық көрген әйел.
Қазіргі таңда отбасылық жанжалдың басты себебі ащы су сыңайлы. Үйден шығуға тыйым салынғандықтан ер азаматтар ішімдікке тойып алып, әйелдерінен өш алуға кіріседі екен. Ал жолдасынының озбырлығына шыдамағандар үйлерінен кетіп, әлеуметтік орталықты паналап жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының басшылығы мұнда карантиндік шаралар барынша сақталғандығын айтады.
"Қыз-келіншектер карантин кезінде сыртқа шығуға тыйым салынғандықтан, араша сұрап ешқайда бара алмай қалды. Сондай-ақ, көп мекеме жұмысын тоқтатқандықтан, кінәлілер жауапқа тартылмай жатыр. Істің ақ-қарасын анықтауға сот-медициналық сараптамасы да жүргізілмей, уақытты өткізіп алады. Мұның бәрі жағдайды одан әрі ушықтырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналғандар санын көбейтіп жатыр", - ltql3 nұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсақова.
Психолог мамандар да карантин кезінде қазақстандықтардың үйлеріндегі ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтын болғанын растап отыр. Әсіресе, қаржы тапшылығы отбасыдағы жағдайды қиындатып жібереді дейді ол.
"Өте үлкен өзекті мәселе тәуелділікке шалдыққан отбасылардағы конфликт. Ішімдік, нашақорлық тағы басқа – жалпы невротиктар. Психологиялық-эмоционалдық тұрғысында тұрақтылық жоқ азаматтар, азаматшалар, көбіне осы халде ұрыс-керіс, дау-дамайды өршіктіріп, бұны конструктивті түрде емес, диструктивті түрде дамытып жібереді", - деді психолог Ділдә Сақтағанова.
Бұл бір ғана алматылық мекемедегі мәлімет. Ал жалпы карантин кезінде Қазақстанда нақты қанша қыз-келіншектің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқаны белгісіз.