Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда карантин 2 тамызға дейін ұзартылды

Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда карантин 20 шілдеден 2 тамызға дейін ұзартылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыру үшін шектеу шараларын тағы екі аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз"", - деді Мамин үкімет отырысында.

Қазіргі уақытта қатаң шектеу карантиндік шаралардың екінші аптасы жүріп жатыр, аурушаңдықтың өсуі тұрақтануда, деп атап өтті ол.

"Мен барлық қазақстандықтарды карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Белгіленген шараларды орындау өте маңызды. Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге және мүдделі мемлекеттік органдарға - карантинді одан әрі сақтаудың барлық шараларын іске асыру қажет", - деді үкімет басшысы.



Мамин елімізде дәрі-дәрмектердің қажетті қоры бар екенін, әрі ол үнемі толықтырылып отыратынын айтты.

"Оларды дәріханалар мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараларды қамтамасыз ету қажет", - деді ол.

Премьер-министрдің сөзінше, Атырау және Маңғыстау облыстарында вирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін осы өңірлерге мамандар жіберілді. Бұл шара Атырау облысын - 102, Маңғыстау өңірін 56 маманмен жұмысты нығайтуға мүмкіндік жасайды.

Бұдан басқа, карантинді ұзартуға байланысты мұқтаждарға бір ай үшін 42 500 теңге жәрдемақы төленеді.

Еске сала кетейік, бесінші шілдеден бастап Қазақстанда 14 күн мерзімге күшейтілген карантин режимі енгізілді.

Талқылау