Қазақстанда есірткі тасымалдайтын курьерлер шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықпақ
Қазақстанда есірткі қойып кетушілер шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Сенат депутаттары палатаның жалпы отырысында есірткі қылмыстары үшін жауапкершілікті қатаңдататын заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: myslo.ru
Кейінірек палата кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов заңның құқықтық салдары туралы айтты.
"Түзетулердің негізгі мақсаты – есірткі өндірушілеріне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту. Олар үшін өте қатал жаза қарастырылған – 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру. Ал есірткі сатушыларға қатысты жаза 15 жылдан 12 жылға дейін жеңілдетілді", – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ол есірткі заттарын сату үшін сотталған кейбір "закладчиктерге" (мыңнан аса адам) шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы берілетінін айтты. Дегенмен әрбір жағдай жеке қаралады дейді вице-министр Санжар Әділов.
Есірткі сақтаушыларға қатысты жаза мерзімдері төмендетіліп, сәйкесінше:
- 5 – 8 жыл (бұрын 5 – 10 жыл)
- 6 – 10 жыл (бұрын 6 – 12 жыл)
- 7 – 12 жыл (бұрын 10 – 15 жыл) болып белгіленген.
"Бірақ қылмыстық бизнесті ұйымдастырушылар үшін жазалар күшейтіледі. Мысалы, егер қызмет бабын теріс пайдаланған лауазымды тұлғалар мұны жасаса, онда оларға өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылады", –деді Санжар Еділов.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 55 жастағы әйел той жасау үшін есірткі қойып кетуші болып жұмыс істегенін жаздық. 300 мың теңге қажет болғандықтан OLX арқылы жұмыс тауып, курьер болған. Екі ай бойы үйреніп, 200 мың теңге ғана тапқан соң ұсталған. Әйел бұл әрекетін "құдалардан ұят болады" деп түсіндірген.