Алматыда есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті басшысының экс-орынбасары есірткі өндіргені үшін ұсталды
10 желтоқсанда Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бұрынғы орынбасары, полиция департаментінің экс-орынбасары Асқар Жетегенов ұсталды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/kozachkow/10503
Журналист Михаил Козачков желідегі арнасында полиция департаментінің экс-орынбасары Асқар Жетегеновтің синтетикалық есірткілерді өндіруге қатысы бар деген күдікке ілінгенін жазды.
Мәліметтерге сенсек, Жетегенов бұған дейін аттестациядан өтпей, құқық қорғау органдарынан жұмыстан шығарылған.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек редакцияға экс-полицейдің ұсталғанын растады.
"Алматы қалалық полиция департаменті, аталған қызметкердің биыл қазан айында ішкі істер органдарынан шығарылғанын хабарлайды. Ол жұмыстан кезектен тыс аттестаттаудан кейін босатылды. Осы істің барысында ол лауазымына сай емес деп танылды. Ішкі істер органдарындағы жұмыс әр қызметкерден жоғары кәсібилікті және жеке адалдықты талап ететінін атап өтеміз", – деді Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, ішкі істер министрлігі қызметтің ашықтығы мен жоғары стандарттарын қамтамасыз ете отырып, өз қатарын адал емес қызметкерлерден жүйелі түрде тазартады.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте Антикор басшысы бұрынғы орынбасарының іздеуде жүрген інісі ұсталғанын жазған едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Дәуренбек Қожабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Дәуренбек Қожабаев қылмыстық жауапкершіліктен босатқаны үшін қаладағы орта мектептердің бірінің директорынан пара алды деген күдікке ілінді. БАҚ мәліметінше, күдікті – Шымкент бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі. Ал Мақсат Қожабаевтың өзі 2023 жылдың қарашасында алаяқтық жасады деп айыпталып, бес жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.