Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЭЦҚ-ны онлайн түрде қалай алуға болады

Енді қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ,  электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қашықтан ала алады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80%-ын ЭЦҚ көмегімен алуға болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

егов

Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және  аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігінің  баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жеке тұлғаға ЭЦҚ-ны қашықтан алуға өтінімді электрондық үкіметтің egov.kz порталында беруге болады. Бұл үшін өтінім берушіге веб-камерасы бар компьютер мен жеке куәліктің немесе паспорттың түпнұсқасы қажет екен.  

"Өтінімді жіберу үшін азамат цифрлық ID құрып, сәйкестендіру рәсімінен өтуі керек. Ол үшін ақпараттық жүйе ұялы телефон нөмірін енгізіп, компьютер арқылы селфи жасауды және өзінің жеке куәлігінің немесе төлқұжатының түпнұсқасын суретке түсіріп жіберуін сұрайды. Сіздің жеке басыңызды растаған соң, жүйе сізді ЭЦҚ алу бетіне қайта бағыттайды, ол жерде ЭЦҚ-ны сақтауға арналған жолды көрсету керек", - делінген ресми хабарламада. 

ЭЦҚ алуға өтінім берген азаматтың телефон нөмірі мобильдік азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, ақпараттық жүйе азаматты ХҚКО операторымен байланыстырады. Оператор өз кезегінде, қосымша бірнеше сұрақ (құжат деректері, тіркелген мекенжайы және т.б.) қоя отырып, бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді.  

"Электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен қазақстандықтар egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы барлық мемлекеттік қызметтердің 80%-ын ала алады. Сондай-ақ, электрондық қолтаңбаны (ЭЦҚ) смартфонға жүктеп, eGov mobile қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Қосымшадағы ЭЦҚ-ны Touch ID немесе Face ID бағдарламасына байлау қолдануды ыңғайлы ете түспек", - делінген хабарламада.  

Бұған қоса министрлік өкілдері ЭЦҚ-ны қашықтан алу барысында қиындықтар немесе сұрақтар туындаған жағдайда кеңес алу үшін 1414 байланыс-орталығына хабарласуға болатыны ескертті. 

Талқылау