Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерге 20 жастан бастап шақыру ұсынылды

Елімізде жастарды әскерге шақыру жасын 18-ден 20-ға дейін ұлғайту жөнінде петиция жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

е-Petition сайтында "Әскери қызметке шақыру жасын ұлғайту туралы" жаңа петиция жарияланды. Қазірдің өзінде құжатты қолдағандар саны 50-ге жетті. 

Петиция авторы жастарды әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынды. Оның айтуынша, 18 жастағы жігіт Отан қорғауға байланысты күрделі міндеттерді орындауға физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын емес. Сондай-ақ петицияны қолдаушылар 18 жас жігіттің арнаулы білім алатын кезеңі екенін айтады.

“18 жаста олар әскерге кетсе, оқу процесі тоқтайды. Бұл болашақ мансабы мен кәсіби өсуіне кері әсерін тигізеді. 20 жастағы адам психологиялық және физикалық тұрғыдан тұрақтана бастайды. Осылайша олардың әскери қызметке дайындығы да артады. Бұл құжаттың тағы бір негізі бар. Әскердегі дезертирлік және басқа да құқық бұзушылықтар саны қысқаруы үшін жастарды 20 жасынан бастап әскерге шақырған дұрыс. Өйткені ересек адамдар мұндай жаста өзін-өзі ұстай алады және неге болса да үлкен жауапкершілікпен қарайды”, – делінген құжатта.



Петиция авторы әлемдік тәжірибе ретінде Швеция, Германия, Швейцария және Австрияны мысалға келтірді. Аталған елдерде жастарды әскерге 19-20 жастан бастап шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін міндетті әскери қызметті жою туралы петиция пайда болған еді.

Талқылау