Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 40% жүктілік жоспарланбаған

Қазақстанда жүктіліктердің 40% жоспарланбаған. Бұл туралы президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды. 

Фото: freepik.com

Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.

"Бұл мәселе жалпыұлттық маңызға ие, өйткені біз салауатты ұлт, елдің болашағы туралы айтып отырмыз. Жасөспірім қыздар мен фертильді жастағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту, олардың бала туу туралы ақпараттандырылған шешім қабылдау мүмкіндігін кеңейту, жүктілік және босану кезіндегі тәуекелдерді азайту мақсатында әлеуметтік-экономикалық және емдеу-профилактикалық шаралар кешені іске асырылуда. Біздің сарапшылар медициналық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, ана өлімін азайтуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдау қажеттігін атап өтті. Жалпы, барлық уәкілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет деп санаймын", - деп атап өтті министр.

Өңірлердегі ауылдық ауруханаларға, фельдшерлік пункттерге барып осы мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеген ұлттық комиссия сарапшылары денсаулық сақтау менеджерлерімен, дәрігерлермен және пациенттермен кездесулер барысында әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау үшін инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеу мәселесіне назар аударды.


"Ана атануға дайын болмадым": Фариза Төреәлі жүктілігі жайлы сөз қозғады


Әйелдер консультацияларына, перзентханаларға, отбасын жоспарлау кабинеттеріне, ауылдық ауруханаларға, жастар денсаулық орталықтарына әдістемелік көмек көрсету қажеттігі айтылды.

Отбасын жоспарлау кабинеттерінің жеткілікті санына қарамастан, жүктіліктің 40%-ы жоспарланбаған, ал прегравидарлық дайындықтан өткен жұптардың үлесі 30%-дан аспайды. Осы тұрғыда аталған жұмысты ұйымдастырудың тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында 7-сынып оқушысы өз әкесінен жүкті болып қалғаны туралы жазған едік. 

Талқылау