Қазақстанда 2025 жылы жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты жолдауында жасанды интеллектті дамытуға ден қоюды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Сөзінше, "Электронды үкімет" платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс.
“Келесі жылы Астанада жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады. Цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор”, – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, талшықты-оптикалық байланыс желісі болса, мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Президент телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыруды тапсырды.