Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті бүркемелейтін киім киюге шектеу қою мәселесі талқыланып жатыр

Қазақстан заңнамасында ниқабқа тыйым салу туралы норма жоқ. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: jeopardylabs.com

Министр ниқаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша ендігіде бетін тұмшалап алатындарға талап күшейеді. 

“Заң аясында бұл мәселе әлі реттелмеген. Бетін тұмшалайтындар туралы біз енді қарайтын боламыз. Өйткені депутаттар осыны сауал ретінде жолдады. Қазір оны жан-жақты зерделеп жатыр. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін айтқанмын. Әрине, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда, ниқабтарға тыйым салған дұрыс", – деді Аида Балаева.

Қоғамда қызу талқыға түскен мәселеге қатысты және депуттардың сауалына үкімет басшысы Әлихан Смайылов жазбаша жауап берді. Премьер-министр аталған мәселелер үкіметтің тұрақты бақылауында екенін жеткізді. 

“Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету; діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурстар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және т. б. жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда. Аталған түзетулерді талқылау және келісілген шешім әзірлеу мақсатында ҚМДБ-мен, теологтармен, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп жатыр”, –  делінген Смайылов жауабында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Аида Балаева Қазақстанда хиджаб пен басқа да діни киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді. 

Сондай-ақ министр ел ішінде талқыға түскен хиджаб мәселесіне қатысты сұраққа жауап беріп, кейбір діни киімдерге ғана шектеу қойылатынын мәлімдеген еді. Бірақ бұл қадамның хиджабқа мүлдем қатысы жоқ. 

Талқылау