Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Пәтер иелерінің кооперативінен түпкілікті түрде бас тартпақ

Қазақстанда көпқабатты үйлерді басқару жүйесін ауқымды реформа күтіп тұр. Мәжіліс заң жобаларын қарастырып, оған сәйкес Пәтер иелері кооперативінен түпкілікті бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Мәжілісте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалауға бағытталған үш заң жобасы қаралды. Олардың қатарында тұрғын үй қатынастары, салықтық реттеу және осы саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Талқыланып жатқан өзгерістер көппәтерлі үйлерді басқару механизміне, салық салуға, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікке әсер етеді.

Негізгі жаңалықтардың бірі – "жай серіктестік" түсінігінің жойылуы. Сондай-ақ заң жобасында пәтер иелері кооперативтерінің құқықтары мен міндеттері, олардың болашақтағы мәртебесі нақты айқындалған.

"Пәтер иелері басқару процесін қалай ұйымдастыру керегін еркін таңдай алады. Мәселені өз бетінше меншік иелерінің бірлестігі төрағасы, кәсіби менеджер немесе толығымен қызмет көрсететін компанияға беру арқылы шеше алады", – деді депутат Нұртай Сабильянов.

Сонымен қатар бұдан кейін Пәтер иелері кооперативі басқарудың дербес түрі болмайды. Олар енді аумақтарды тазалау немесе лифттерге қызмет көрсету сияқты жалпы мәселелерді шешу үшін бірнеше ғимаратты біріктіретін бизнес субъектілері ретінде қарастырылады.

"Бастапқыда Пәтер иелері кооперативі басқарудың жаңа түріне қосылуы керек еді. Жаңа заң жобасында біз басқару нысаны ретінде Пәтер иелері кооперативінен түпкілікті түрде бас тартамыз. Сөзсіз, енді олар басқару нысаны болмайды. Демек біз реформалау тапсырмасын орындадық. Тұрғын үй кооперативтері тұрғын үй қорын басқару жүйесінде қалады. Себебі қазір олардың 1,5 мыңы бар. Олар көп үйлерді біріктіреді", – деді депутат Екатерина Смышляева.



Сондай-ақ заң жобасында мәслихаттар деңгейінде ұзақ бекітуді болдырмау үшін тұрғын үйді ұстау тарифтерін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыру мәселесі де талқыланады.

"Үйлерге қызмет көрсету тарифтері бар. Қазір ең төменгі тарифтерді мәслихаттар бекітеді. Әр өңірде олар 50, 52, 57 теңге. Дегенмен теориялық тұрғыдан кез келген тариф жыл сайын қайта қаралуы керек. Өйткені тұрғын үй қорын сақтау маңызды міндет саналады. Егер ең төменгі тариф қайта қаралмаса, онда оны көтеру тек жалпы дауыс беру арқылы жүзеге асуға және тұрғындар жиналысымен келісілуге тиіс. Тиісінше, үйде тарифті ешкім біржақты көтере алмайды. Екінші жағынан, басқарушы компаниялар тарифтерді күрт арттыруы мүмкін деген қауіп бар. Біздің ойымызша, тарифті айлық есептік көрсеткішке байланыстыру күрт қымбатшылықты болдырмауға көмектеседі. Өйткені Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш бірқалыпты өсіп жатыр", – деді Смышляева.

Сондай-ақ заң жобалары тұрғын үй-құрылыс кооперативтері мен басқа да басқару құрылымдарын қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны туралы ай сайынғы есептерді жариялауға міндеттейді. Үкімет ашықтықты арттыру үшін есепті ақпараттық жүйелерде орналастырғысы келеді. Сонымен қатар тұрғын үй инспекциясының өкілеттігі кеңейтіліп жатыр. Шот ашу мерзімдерін бұзғаны және есептерді ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұл үшін 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Тағы бір маңызды өзгеріс тұрғын үй кооперативтерін қайта тіркеуге қатысты. Енді олар тек коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс істеуге міндетті.

"Мұндай кооперативтердің кірісін мүшелер арасында бөлуге болмайды, оны экономикалық қажеттіліктерге пайдалану керек", – деді Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, бұған дейін Енді елімізде коммуналдық төлемдердің бірі АЕК-пен есептелетіні туралы жазған едік. 

Талқылау