Қазақстан өз газын Ресейден қайта сатып ала ма – Министр жағдайды түсіндірді
Қазақстан Ресеймен өзінің сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге келді. Мұны энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республика бойынша сұйытылған газды жеткізу – айына 130-135 мың тонна. Тұтыну деңгейі бірнеше есе жоғары, сондықтан тапшылық бар. Вице-министрдің айтуынша, елдегі сұйытылған мұнай газының тапшылығын жоюға жедел әрекет ету үшін "ҚазРосГаз" компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
"Компания Қазақстанға көмектесуге және келесі жылдың басынан бастап Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қажетті көлемін қайта бағыттауға ниет білдірді. Олар бізге көмектесуге дайын. Болжам бойынша жылына 90 мың тоннаға дейін сұйытылған мұнай газы жіберіледі", – деді Жамауов энергетика министрлігінде өткен брифингте.
Вице-министр Қазақстан ресейлік сұйытылған газды сатып алмайтынын, бұл тұтынушы беретін шикізат, яғни Ресейге өңдеу үшін жіберілетін және дайын өнім түрінде қайтарылатын газ болатынын түсіндірді.
"Орынбор мұнай өңдеу зауытында өндірілетін сұйытылған мұнай газының барлығы қазақстандық өнім. Бұл газдың иесі – "ҚазРосГаз" компаниясы. Ол импорт емес, ол біздің өнім", – деді ол.
Тағы 10 мың тонна газ "ҚазМұнайГаз" үлесінен ішкі нарыққа жіберілді.
"Жыл соңына дейін келісім бар. Ал ертең біз келесі екі жылға қосымша 10 мың тонна беретін тағы бір құжатқа қол қоямыз. Ай сайын 10 мың тонна болады", – деп қосты вице-министр.
Ол Ресеймен жасалған келісімнің бір жылға жуық күшінде болатынын айтты.
"Егер тапшылықты ішкі ресурстарымыз толтырса, біз келісімду тоқтатамыз. Егер нарықта тапшылық әлі де болса, біз тапшылықты жапқанша жалғастырамыз, әзірше олармен бір жылға келісеміз делік. Сосын көреміз", – деді Жамауов.