Қазақстан мен Қытай екі ел азаматтары туралы ақпаратпен алмасатын болады
Қазақстан мен Қытай екі ел азаматтары туралы ақпарат алмасатын болады. Сенаттың жалпы отырысында осы мәселеге қатысты заң жобасы мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ашық дереккөз
Сенатор Қайрат Тастекеев заң жобасының түпкілікті мақсаты мен артықшылығы жайлы баяндады.
"Қытай Халық Республикасы – 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнағалы бері Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми деректері бойынша, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы 30 жылдан астам екіжақты ынтымақтастық барысында түрлі салада 250-ден астам халықаралық шарт жасалған. Жан-жақты қарым-қатынас көптеген бағытты, оның ішінде экономика, ғылым, туризм және басқаларын қамтып, жүйелі түрде дамуда. Бұл үрдіс екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына оң ықпалын тигізеді және Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы стратегиялық құжаттарына сәйкес келеді", - деді Қайрат Тастекеев.
Тастекеев ынтымақтастықты тиімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында тиісті ақпарат алмасу бойынша шараларды қарастыратын келісім жасау қажеттігі пайда болғанын мәлімдеді.
"Ратификациялауға ұсынылып отырған Келісім Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құзыретті органдары арасындағы өзара қарым-қатынас жасау үшін құқықтық негіз жасайды. Атап айтқанда, тараптардың азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу жөніндегі тиісті тетікті жасауға және құқық бұзушылықтарды алдын алуға мүмкіндік береді", - деді сенатор.
Келісімді ратификациялау екі ел арасындағы құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті одан әрі дамытуға, сақтауға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдады.