Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай Айға ғылыми зерттеу базасын салмақ

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан мен Қытайдың Айда ғылыми зерттеу базасын бірлесіп салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: istockphoto.com

Министрлік екі ел арнайы меморандумға қол қойғанын мәлімдеді. 

"2024 жылдың шілде айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қытаймен Айда бірлескен зерттеу базасын салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – Халықаралық ғылыми ай станциясын (ХҒС) құру және пайдалану үдерісіндегі ынтымақтастық", –делінген хабарламада.



Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, келісім бірлескен зерттеулерді, тәжірибе және білім алмасуды, сондай-ақ ғарыштық технологиялар мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуды қамтиды.

"Қазақстан Халықаралық ғылыми ай станциясы құрылысы жобасын жүзеге асыруға, соның ішінде отандық ай телескопын әзірлеу мен ұшыруға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа технологияларды әзірлеуге қатысуға елеулі үлес қосуды жоспарлап отыр. Қазақстанның үлесіне ғылыми-техникалық инфрақұрылымды нығайту және қытайлық мамандармен тәжірибе алмасу да кіреді", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ғарыш саласын дамыту үшін Қытайдан 100 миллион юань грант алатынын хабарлаған едік. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінің бірінші күнінде Қазақстан мен Қытай ғарыш саласын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. 

Талқылау