Қазақстан құрамасы Қытайдағы қысқы Азия ойындарында мықтылар қатарынан көріне ала ма?
7-ақпанда Қытайдың Харбин қаласында 2025 жылғы қысқы Азия ойындарының салатанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Осымен 9-рет өтіп жатқан қысқы Азия ойындарын Қытай 3-рет өткізуде. Бұл бәсекеде Қазақстан намысын 138 спортшы қорғамақ. Жарыстың 10 түрі бойынша сынға түсетін спортшыларымыз жүлдеге таласты бастап кетті.
Әзірге Қазақстан қоржынында 3 медаль бар. Алғашқы жүлдені шорт-тректен аралас құрама алып берді. Финалға дейін сүрінбей жеткен Алина Әжғалиева, Яна Хан, Денис Никиша және Әділ Ғалиахметов күмісті қанағат тұтты.
Тағы бір күміс медальді конькиші Евгений Кошкин жеңіп алды. Ол 100 метрге конькимен жүгіру сынында жүлдеге ілікті. Ал шаңғышы Константин Борцов спринт жарысында үшінші келіп, қолаға қол жеткізген еді. Алайда бұл бәсекеде екінші орын алған Жапония спортшысы тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін жарыстан шеттетілді. Нәтижесінде отандасымыз күміс медальді иеленді.
Жалпы Харбинде өтіп жатқан бәсеке Қазақстан құрамасының тәуелсіз ел ретінде қатысып жатқан 7-ші қысқы Азияда ойындары. Ендеше бұған дейінгі біздің құраманың нәтижелері қандай болды? Қысқы бәсекедегі тарихымызды арлы-берлі бір сараптап шықсақ.
Алғаш рет Қазақстан құрамасы қысқы Азия ойындарына 1996 жылы қатысты. Бұл бәсеке дәл осы Қытайдың Харбин қаласында өткен еді. Алғашында жарысты ұйымдастыру құқығы КХДР-ға берілген. Бірақ қойылған талаптар орындалмаған соң бәсекені Аспанасты еліне ауыстырды.
Осылайша жарысқа Азияның 17 елінен 453 спортшы қатысты. Олар спорттың 8 түрі бойынша сайысқа түсті. Жарысқа алғаш рет қатысқан Қазақстан құрамасы айды аспаннан бір-ақ шығарды. Отандастарымыз жарыс нәтижесінде 16 алтын, 10 күміс және 8 қола жүлде иеленді. Барлығы 34 жүлде иеленген Қазақстан жалпы есепте 1-орынды иеленді.
Алаң иелері қатарынан 3 рет турнирлік кестеде 2-орын иеленді. Қытай спортшылары өз жерінде 14 алтын, 8 күміс, 16 қола жүлдені еншіледі. Үздік үштікке 8 алтын, 10 күміс, 8 қола медаль алған Оңтүстік корея елі жайғасты. Ал алдыңғы екі Азиядада көш басында тұрған Жапония бұл жолы 4-орынды қанағат тұтты. Күншығыс елінің өкілдері 7 алтын, 15 күміс, 11 қоланы еншіледі.
1999 жылы қысқы Азия ойындары Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтті. Байрақты бәсекені тұңғыш рет ұйымдастырып тұрған оңтүстік кореялықтар барын салды. Бұл жарысқа әлемнің 14 елінен 798 спортшы қатысты. Азиялықтар 7 спорт түрі бойынша медальдарды сарапқа салды.
Қазақстан құрамасы жарыс нәтижесі бойынша 3-орынды қанағат тұтты. 10 алтын, 8 күміс, 7 қоланы ұтқан спортшыларымыз барлығы 25 жүлде иеленді. Тарихында 2 рет қатысып жатқан мемлекет үшін мұның өзі жақсы нәтиже еді. Оның үстіне кіл мықтыларын қатарға қосқан алаң иелері мен бірінші нөмірлі спортшыларын алып келген Аспанасты елінің өкілдерімен таласқа түсу отандастарымызға оңайға соқпады.
Нәтижесінде қос мықтының тартысында Қытай жеңіске жетті. 15 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдені алған қытайлықтар Азияда ойындарында жалпы турнирлік кестеде тұңғыш рет 1-орын иеленді. Ал өз жеріндегі бәсекеде бірінші болуды қалаған Оңтүстік Корея 11 алтын, 10 күміс және 14 қола медаль иеленіп 2-орынға жайғасты. Осылайша Азияда тарихында алғаш рет ұйымдастырып жатқан ел жалпы есепте көш басына шыға алмады.
2003 жылы Азияның мықтылары Жапонияда бас қосты. Аомори қаласында өткен дүбірлі додаға 17 елден 641 спортшы жиналып, 10 түрлі сайыста бәсекеге түсті. Қазақстан қысқы ойындарға 90 спортшы алып барды. 8 спорт түрінен сынға түскен отандастарымыз алғаш рет алтын санын 10-ға жеткізе алмады. 7 алтын, 7 күміс, 6 қола еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте төртінші орында қалып қойды.
Өз жерінде барын салған Күншығыс елі турнирлік кестеде көш бастады. 27 алтын, 26 күміс, 23 қола жүлде алған Жапония барлық елдерден қара үзіп кетті. Екінші орынға Оңтүстік Корея (10-8-10) жайғасса, 1 алтын кем алған Қытай (9-11-13) үздік үштікті түйіндеді.
2007 жылы қысқы Азия ойындары Қытайда екінші рет өтті. Бұл жолы Чанчун қаласын таңдаған көршілерімізге 25 елден қатысушылар келді. 10 түрлі сайысқа 796 спортшы қатысқан дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 104 спортшыны алып барды. Нәтижесінде еліміз спорттың 7 түрінен небары 6 алтын, 6 күміс, 6 қола жүлде иеленді. Барлығы 18 медаль алған Қазақстан құрамасы бұл жарысты тағы да төртінші орынмен аяқтады. Айта кетейік, Чунчандағы жарыс ел тарихындағы ең аз медаль жинаған қысқы Азия ойындары ретінде есте қалды.
Бұл жолы Қытай қайта көш басына шықты. 19 алтын, 19 күміс, 23 қола алған алаң иелері бірінші орынға орналасты. Жапония (13-9-14) екінші, Оңтүстік Корея (9-13-11) тағы үшінші орында.
2011 жылы байрақты бәсекені Қазақстан ұйымдастырды. Астана мен Алматыда өткен қысқы ойындарға Азияның 26 мемлекеті қатысты. 1134 спортшы сайыстың 11 түрінен жарысты. Өз елімізде болған дүбірлі додада 169 сайыпқыранды сайысқа қосқан Қазақстан барлық спорт түрлерінен медальға таласты. Бұл Қазақстан үшін өз тарихындағы рекордты көрсеткіш еді. Ұлттық құрама жалпы есепте осыған дейінгі нәтижені де жаңартты. 32 алтын, 21 күміс, 17 қола алған Қазақстан құрамасы жеке дара көш бастады.
Бұл Азия ойындарында Жапония мен Оңтүстік Корея 13 алтыннан жинады. Алайда күміске келгенде көршілерінен екі есе көп жинаған Күншығыс елі (13-24-17) екінші орынды иеленсе, Оңтүстік Корея қатарынан үшінші рет үздік үштікке ілінді.
2015 жылы өтуі керек болған жарысты Азия олимпиадалық кеңесі 2017 жылға ауыстырылды. Осылайша Жапонияның Саппоро қаласында турнир 2017 жылы ұйымдастырылды. Бұл Азияда мемлекеттер саны жағынан бұған дейінгі нәтижені басып озып, рекорд орнатты. 32 елден 1139 спортшы қатысқан додаға Қазақстан 116 спортшысын жіберді. 9 алтын, 11 күміс және 12 қола еншілеген ұлттық құрама төртінші орынды қанағат тұтты.
Өз елінде өткен бәсекеде Жапония (27-26-21) қайта көш басына шықты. Оңтүстік Кореяда (16-18-16) өз нәтижесін жақсартып екінші орынға көтерілді. Ал Қытай (12-14-9) үшінші орынға тұрақтады.
Өздеріңіз байқағандарыңыздай, еліміздің қысқы Азия ойындарындағы бұған дейінгі нәтижелері өте керемет. Құрамамыз қатысқан бәсекелерде жалпы есепте төртінші орыннан түспеген. Тіпті, әрдайым үздік үштікте мықтылар қатарында болған.
Қысқы Азияда ойындарындағы медальдар санын есептегенде, Қазақстан үздік үштікке енеді. Біздің спортшыларымыздың еншісінде 80 алтын, 63 күміс, 56 қола медаль бар. Осы уақытқа дейін спортшыларымыз 209 жүлде еншілеген.
Ал екінші орынға көршілес Қытай елі жайғасқан. Аспанасты елінің 260 (87-76-97) жүлдесі бар. Көш басында 432 (146-158-128) медальмен Жапония. Айта кетейік, бұл мемлекеттер Қазақстаннан Азия ойындарына екі рет көп қатысқан.