Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тілдер күні мерекесін қашан және не үшін тойлайды

Ерте замандардан қазақ халқы қонақжайлығымен өзге ұлттарды баураған. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау орта ғасырлардың өзінде Орта Азия, көршілес ұлт пен халықтармен етене жақын болған. Қазақстан көпұлтты ел екені белгілі, ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады. Еліміз ұлттар достастығы мәселесіне ерекше назар аударады. Осы мақсатта бір емес, бірқатар республикалық мейрамдар бекітілген. Ал сіз Қазақстан халқы тілдері күні мейрамы жайлы не білесіз? Stan.kz редакциясы қыркүйекте атап өтілетін ерекше мейрамның тарихы, өзгешелігі мен маңызы жайлы деректермен бөліседі.

Мереке қашан тойланады?

Елімізде Қазақстан халқы тілдері күні 1998 жылғы 20 қаңтарда республика президентінің жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі етіп бекітілген болатын. Мақсаты - сан ғасырлық құндылықтарды сақтау.

Ал 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданды. Заң бойынша мемлекеттік тіл —  қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілді.

Осы уақытқа дейін 22 қыркүйек күні тойланатын мейрамның 2017 жылы датасы өзгерді. Бұдан былай мейрам 5 қыркүйек күні аталып өтіледі.

Мейрамның жаңа датасы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күніне сәйкестендіріп таңдалып алынған. 1873 жылдың 5 қыркүйегінде қазақ тіл білімімен және әдебиеттануымен айналысқан ағартушы және ғалым Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Ол қазақ тіл білімінің негіздерін, грамматиканың ғылыми терминологиясын жасаған.

Бұл мереке туған тілге деген құрмет мен сүйіспеншілікті, сондай-ақ, өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін танып, білуге бағытталған. Осы арқылы халық өзіне керегін алып, білім қоржынын кеңейтеді.

Бұл мерекенің негізгі мақсаттары:

  • қазақ тілін ұлттар арасында дамыту мен насихаттау
  • қазақ мәдениеті мен дәстүрін насихаттау
  • көпұлтты мемлекеттің тұтастығын, ынтымағын қалыптастыру
  • жас буынды өзге ұлттардың дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметін дамыту

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан осы мақсатта бірқатар шараларды қолға алып үлгерді. Осындай этностық, діндік, мәдени әртүрлілікке қарамастан, бүгінде Қазақстан өз тұрақтылығын сақтап келеді.

29 жылда тіл дамыту мақсатында не жасалып жатыр?

Қазақстанда тұратын ұлт өкілдеріне мемлекет толеранттылық қарым-қатынас ұстанады: оларға өз дінін ұстануға, мереклерін тойлауға, өз тілдеріне сөйлеуге рұқсат етіп, құрметпен қарайды. Ал мәдениетаралық қарым-қатынас әртүрлі этникалық топтардың коммуникациясын берік етеді.

  • 1990 жылдардың ортасында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды, осылайша, этникалық мәселелер ерекше мәртебеге ие болды.
  • Бүгінде республика бойынша  «Достық үйі»  мекемелері Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында ұлттар арасында бірлікті дамытуға үлес қосып келетінін де атап өткен жөн.
  • Қазақстан Республикасында Тілдерді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда, онда 2020 жылға қарай қазақстандықтардың кем дегенде 95% -ы мемлекеттік тілді білуі керек делінген.
  • Тәуелсіздік жарияланғаннан бергі еліміздегі тілді дамыту бойынша негізгі және басты қадамдардың бірі - латын графикасына көшу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылдың 27 қазанында қазақ тілі әліпбиін кириллден латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осылайша, 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр.

Тіл - ұлт жүрегінің бір бөлшегі

Тіл қандай ұлтта болмасын әрқашанда қасиетті де құдіретті. Ол әрбір адамға ананың ақ сүтімен дарып, мәңгілік қалыптасады. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмасы көрінген келбеті ретінде де тіл арқылы жасалған. Тіл арқылы өмір сүреді, ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп, ұлттық тұтастықты сақтайды. Сондықтан да тіл адастырмас темірқазық іспеттес. 

Қазақстан әр тілде сөйлейтін халықтардың басын біріктіріп отырған мемлекет. Сондықтан да ұлттық болмысымызды, мемлекеттік  келбетімізді сақтап қалу үшін қазақ та, басқа этностар да  қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін қазақ тіліне құрметі шексіз болып, қазақ тілін меңгеруде ықыласы бөлек болуы тиіс.

Дүниенің бәйгесінен қалмау үшін, біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін қастерлеуде, ұлттық тілін ұлықтауда, Қазақстанды бір ғана Отаным деп білетін олар ұлы халықтың ұлы құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіріп өсіруі тиіс. Қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын кезеңін реформалар негізінде жақындатуымыз керек.

Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды.

Талқылау