Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан аймақтарына коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді

Өңірлерге коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасының 50 мың дозасына арналған алғашқы партиясы жөнелтілді. Бұл туралы премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ералы Тоғжанов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясын аймақтарға жіберу процесіне қатысты. Препараттар Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Нұр-Сұлтандағы "Фармация" СК хабтарына жеткізіледі.

"Қазақстандық вакцинаның жасалуы елімізге коронавирусқа қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Бұл тек халық денсаулығы мәселесі ғана емес, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды практикада қолданудың дәлелі, мемлекеттің беделі", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер мемлекет басшысының қазақстандық вакцинаны шығару жөніндегі барлық тапсырмалары үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазақстандық вакцинаны шағаратын зауыт жыл соңына дейін толық іске қосылады.

"Орташа есеппен қуаты айына 500 мың дозада жүргізіледі. Іске қосу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бүгін 50 мың жібердік. Мамыр айында тағы 50 мың, содан кейін 100 мың, содан кейін 500 мың жоспарлап отырмыз. Бұл нысан өте күрделі. Халықаралық талаптар, стандарттар бар. Ең алдымен, ғимараттың өзі тексеріледі, содан кейін барлық жабдықтар тексеріледі, содан кейін құю жабдықтары іске қосылады. Пайдалануға берілетін әрбір жабдық халықаралық стандарттар бойынша тексеріледі", - деді Тоғжанов.

Ол вакцинаның субстанциясын биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институттары құратынын айтты.

Қазақстандағы зауыт толық қуатына шықпайынша, қазақстандық вакцинаны Түркияда құйылады.

Айта кетейік, қазақстандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның қауіпсіздігі толық дәлелденген, вакцина коронавирусқа қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

Вакцинаның артықшылығы - вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. 

QazVac вакцинасының тағы бір ерекшелігін атап өтейік. Препаратты жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын қажет етпейді, тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.

Талқылау