Қазақ жігіті АҚШ-та ана тіліндегі радиохабардың тұсауын кеспек

Жуырда АҚШ-та қазақ тіліндегі радиостанция өз жұмысын бастайды. Қазіргі таңда тек Нью-Йорк қаласында қазақстандықтардың саны орта есеппен 15 мыңға жетеді екен. Сондықтан жаңа радионың өз тыңдарманы табылады деген сенімде жоба авторы. Бұл жайында аталған жобаның авторы Данияр Кожан есімді отандасымыз Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Америка

Қазіргі таңда АҚШ-тың Нью-Йорк штатында тұратын қазақ жігіті, аталмыш елдегі танымал адвокаттар компаниясында pr-менеджер ретінде жұмыс істейді. Алғаш рет осыдан үш жыл бұрын Америкаға іс-сапармен барған Даниярға шетелдіктердің тыныс-тіршілігі ұнаса керек, сол жақта кәсібін дөңгелетуді көздейді. Бүгінде өзі жетекшілік ететін радиостанцияда тек ана тілінде тікелей эфирде хабар таратуды көздеп отыр.

«Қазіргі таңда тек Нью-Йорк қаласында қазақстандықтардың саны орта есеппен 15 мыңға жетеді екен. Бұл бейресми ақпарат. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсетіні анық. Өйткені, Америкаға «Болашақ» бағдарламасымен келген студенттердің саны өте көп. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын түрлі бағдарламаларды дайындап, қазақ тіліндегі радиостанцияны тыңдайтын ана тілді аудиторияны көбейтеміз», - дейді Данияр Кожан. 

Жоба авторының айтуынша, АҚШ-тағы әуетолқынында қазақтың ұлттық музыкасы, салт-дәстүрі және Қазақстанды әлемге танытқан жұлдыздармен түрлі тақырыпта сұхбаттар өрбиді. 

«Осы қазақ тіліндегі радиохабарда Қазақстандағы әр салада қызмет ететін танымал достарымды тікелей эфирге шақырамын. Ол біз туралы өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында бөліседі. Біз туралы мәлімет береді. Тікелей эфирге Қазақстан, Ресей, Америка жұлдыздарын шақыруды жоспарлап отырмын. Біздің елде таланттар көп. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, таяуда UFC-дегі дебютіне шығатын Жалғас Жұмағұлов, Арман Оспановтарды тікелей эфирге шығарғым келеді. Біздің батырларды бүкіл әлем білу керек», - дейді АҚШ-тағы отандасымыз. 

Америкадағы қазақ жігітінің тәжірибесі өзінің туған жерінде жүріп толысқан. Бастапқыда ол Қыдырәлі Болмановтың көмекшісі қызметін атқарса, кейін «Музарт» тобының шет елдегі турнелерін ұйымдастырыпты. Сондай-ақ, Қазақстандағы ауқымды спорт шараларының өтуіне мұрындық болған. Дамылсыз еңбек еткен Даниярдың жұмысы телевизияда жалғасын табады. 

«Одан кейін мені Мұхамеджан Тазабеков «Асыл арна» телеарнасына шақырды. Ол жерде мен продюсер, коммерциялық директор ретінде жұмыс істедім. Аталған арнада «Прямом в пути» деп аталатын авторлық жобам болды. Сол кезде мен Майк Тайсоннан эксклюзивті сұхбат алдым. Сөйтіп әйгілі боксшы Майк Тайсонмен таныстым. Сол кезде Тимур Бекмамбетовпен кинофестиваль ұйымдастырған едік. Кейін менің тәжірибем киноиндустрияда жалғасын тапты. Ақан Сатаев маған жұмыс ұсынды. «Бауыржан Момышұлы» атты сериал түсірдік. Ол жерде мен локация бойынша директор болып жұмыс істедім. Сосын «Сұңқар» деген сериалды да түсірдік. Қазақстанда жүріп әр салада жинаған тәжірибемнің көмегі көп тиді. АҚШ-тағы жұмысыма бірден кірісіп кеттім», - дейді Америкадағы қазақ жігіті.   

Айта кетейік, отандасымыз таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұсауы кесілетін радиостанцияға «Азия дауысы» атауын бермек.    

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр