Қазақ тіліндегі ауа райы құбылыстарының атауы
Қазақ халқы ауа райы құбылыстарын даналықпен болжап, оларға сай атау беріп отырған. Бүгінгі материалымызда ауа райына қатысты атауларды ұсынамыз.
Өлара – ай аяқталып, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Бұл кезде аспанда ай көрінбей қалады.
Амал - жыл он екі айда болып отыратын ыстық пен суық, кар мен жаңбыр, жел мен боран болатын кез.
Ұлттық сандық ұғымда жеті амалдың түрі көрсетіледі: Күннің тоқырауы; Қарашаның қайтуы; Үркердің батуы; Мұздың қатуы; Киіктің матауы; Қыс тоқсан; Ай тоғамы.
Құсқанаты – наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайтын уақыт.
Аласапыран – көктемде, наурыз айында, кейде сәуір айында қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қолайсыз күндер.
Бесқонақ – наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанатын болған. Бірақ бесқонақты еліміздің батыс өңірі білсе, оңтүстік бұл туралы біле бермейді.
Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен асқанда ойнайтын алғаш найзағайдың жарқылы. Халық арасында: «Қызырдың камшысы шартылдады, кыс кетті» деп есептейді екен.
Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл – тобылғы бүршік жарды, яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Қызыл жұмыртқа – мамыр айының алғашқы онкүндігінде дала құстары балапанын шығара бастайтын кез. Осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны – мамыр айының аяғында болатын суық жел. Осы желге карсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртеді.
Үркердің батуы – маусым айының басында үркер жұлдызының мүлде көрінбей кетуі. Кейде мұны үркердің жерге түсуі дейді.
Осыдан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» дейді халық жүлдызшылары мен есепшілері.
Қырық күн шілде – маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық.
Үркердің толғағы – мал-жанға жайлы кезең. Ол шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер кұрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
Таразының тууы – тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, күздің алғашқы нышаны біліне бастайтын кез. «Таразы туса - таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.
Мизам шуақ – қыркүйек айының екінші онкүндігінде болатын жылы кезең.
Сүмбіленің тууы – сүмбіле жұлдызының көрінетін мезгілі. «Сүмбіле туса - су суыр» деген екен. Қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суықты күндер, жауын басталады.
Қарашаның қайтуы – құстардың қатып, күннің суыған кезі.
Қырбастың қызылы – желтоқсанның басында болатын алғашкы аяз.
Текенің бұрқағы – желтоқсанның соңғы онкүндігінде болатын қатты боран мен аяз кезі. Дәл осы кезде киік текесі маталады, яғни киік күйегі басталады. Бұл 2-3 күн ішінде толық аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2-3 күннен әріге созылмауы да осыдан. Күннің таласуы қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде де ауа райы өзгереді, қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі – қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енген кез.
Бөрі сырғақ – ақпан айының қатты қысы. Сырғақ деп бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көнекөз қариялар бұл амалдың атауы осы бөріге байланысты екенін айтады.