Олегжан Бекетаев, Jusan Bank: Қазақ тілді ортаның дамуына үлес қосқымыз келеді
Алматыда “Kazakhstan marketing conference 2023” ауқымды шарасы өтіп, Jusan Bank маркетинг, ESG және PR бойынша басқарушы директоры Олегжан Бекетаев "Үздік CMO" атанды. Оның сөзінше, маркетинг – тек жарнама жасау емес, кез келген компанияның тұрақты дамуына кепіл болатын бағыт. Марапатынан кейінгі әсері, Jusan Bank-тің соңғы бір жылда жеткен жетістіктері жайлы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Олегжан Бекетаев бір жыл ішінде банктің маркетинг тобы үлкен жетістіктерге жеткенін тілге тиек етті. Айтуынша, Top of mind рейтингі бойынша бренд тоғызыншы орыннан ТОП-3-ке дейін көтерілген. Ал Jusan қосымшасына App Store қолданушылары 4,7 деген баға берген. Бұл марапатты осының барлығы ескерілгеннің арқасында алып отырғанын айтты.
"Мен компанияға келген кезде екі уәде бергенмін. Біріншісі, жұмысымыздың нәтижесінде компания танымал болады және бұл танымалдық оған табыс алып келеді. Екіншісі, әр қызметкер құштарлықпен жұмыс істейді. Осы екі уәдені орындағанның нәтижесінде бұл марапат біздің командаға берілді. Жұмысымыздың осындай ауқымды ортада бағалануы бойға сенім ұялата түседі. Ендігі жүлде “Канн арыстаны” болады деп үміттенемін", – деді ол.
2022 жылы Jusan Bank өзінің нақты бағытын тауып, қазақстандықтарға шабыт сыйлайтын жобаларды бастаған.
"Өткен жылы отандық танымал әншілер және композиторлармен біріге отырып, тамаша музыкалық туындыны таныстырдық. Бұдан бөлек, елдегі мәдени шараларды қолдауға, әсіресе, креативті жастарды қолдауға тырысамыз. Олар біздің компаниямыздың бет-бейнесі емес, құндылықтары мен көзқарасы ұқсас достарымызға айналды. Шығармалары махаббатқа, сенімге толы өнерпаздармен дос болу бізге де өз жұмысымызды махаббатпен, сеніммен істеуге мүмкіндік береді.
Әр адамға сеніммен қарау деген жәй ғана ұран емес. Ол компания жасап отырған әрбір өнім тұтынушының бойына сенім ұялатуы деп білемін. Олар біздің өнімдерді қолдану арқылы өз келешегіне күмәнсіз қарайтын болса, өз қажеттіліктерін толық өтей алатын болса, біздің міндетіміздің орындалғаны", – деді маман.
Ол Jusan Bank-тің басты ерекшелігі құндылықтары ұқсас адамдардың басын біріктіре білуінде екенін айтады.
"Банк саласында жұмыс жасайтын компаниялар көп. Бәріміздің ұсынатын өнімдеріміз, қызметтеріміз, пайыздық мөлшерлемеміз бәрі де ұқсас. Сондықтан қазір тұтынушы банкті таңдаған кезде құндылықтарға мән береді. Мысалы, Jusan Bank елімізде ESG бағытында жұмыс жасап бастаған №1 компания. Бұдан бөлек, біз өз табысымыздың бір бөлігін New Generation Foundation қорына жіберіп, Назарбаев университеті мен мектептерінде балалардың тең білім алуына мүмкіндік жасаймыз", – дейді ол.
Олегжан Бекетаев Қазақстандағы маркетингтің болашағы зор дей келе, саланы дамыту үшін бәсекелестік пен жауапкершілік керегін айтады.
"Біздегі тұтынушы қазір нарықта бар өнімдерге қанағаттанады. Бірақ бәсекелестік болмаса, ешнәрсе дамымайды. Сондықтан басқа компанияларды жаңа дүниелер ойлап тауып, белсенді болуға шақырғым келеді. Бұдан бөлек, компания басшылары маркетологтарға жауапкершілік артуы керек. Әзірге маркетингті жарнамамен ғана теңестіріп жүргендер көп. Көбіне маркетологтарда зерттеу жасауға, тауарларды тексеруге мүмкіндік болмай жатады. Ал шын мәнінде маркетингтің жұмысы 4 бағытқа тәуелді: product, placement, price және содан кейін барып promotion. Бізде әзірге бұл ұғым қалыптасып үлгерген жоқ", – дейді маман.
Алайда ол соңғы жылда Қазақстан маркетологтары белсенді жұмыс жасап, біршама өзгерістер пайда болғанын айтады.
"Былтыр алдыңғы жылдармен салыстырғанда маркетологтар ашық жұмыс істей бастады. Біз маркетологтар, ірі компаниялар мен агенттіктер басшыларының басын қосып, қауымдастық құрдық. Ол жерде бұрын бір-бірін танымаған адамдар жолығып, өзара серіктестік құрып жатыр. Яғни байланыс пайда болды. Енді олар мықты жобалар жасап шығады деген үмітім бар.
Осы жылы біз Jusan Bank-те маркетингтің өнімді қалай танымал жасай алатынын және соның нәтижесінде табысқа кенелуге болатынын көрсете алдық", – дейді банк өкілі.
Алайда ол Қазақстандағы маркетинг саласы әлі де дами түсіп, жеке ұйым құрылып, саланың үздік мамандары тәжірибемен бөлісіп, медиа нарыққа әсер ете алатын дәрежеге жетуі керегін айтты.
"Елдегі, жалпы әлемдегі инфляция көңіл қуантпайды. Жеке тұлғаға әсерінен бөлек, жақсы жобалардың бюджетіне де әсер етеді. Барлық жобаларға қаржы бұрынғымен салыстырғанда 30%-ға көп жұмсалады. Тура қазіргі жағдайда маркетологтар мұны бақылап отыра алмайды. Егер бізде маркетологтар ұйымы болса, ірі медиа ресурстардағы жарнама бағасын тұрақты ұстап отыруға болатын еді. Ал жеке компания оларға әсер ете алмайды. Біз келісімге келмесек, басқа компания келісіп алады", – дейді ол.
Бұған қарамастан, ол қазір елімізде саланың дамуы айқын байқалып жатқанын да ескере кетті. Сондай-ақ қазақ тілді ортаның белсенділігі күшейгеніне қуанышты екенін айтты.
"Jusan қазақ бренді болғандықтан қазақ тілді ортаның дамуына үлес қосқымыз келеді. Қазақ тілін оқу біздің елде міндет емес, мақсатқа айналса дейміз. Қазір өте мықты қазақ тілді мамандардың көбейгені көңіл қуантады. Өзіміздің қазақ тілді креатив ортаға кіріп, олармен достық қарым-қатынас орната алғанымыз үлкен жетістік деп ойлаймын", – дейді банк өкілі.
Ол Jusan Bank-тің алдағы уақытта да осы әр адамға сенім беру жолынан таймай, креативті индустрияны қолдауды жалғастыратынын айтып, жоспарларымен бөлісті.
"Қазір біз өзге елдердегі еншілес банктер арқылы бірнеше елдің нарығына шыға алдық. 2024 жылы шетелдік нарыққа шығу үшін зерттеу жасап жүрміз. Жоғарыда айтқанымдай қазір қазақстандық банктер арасында танымалдық жағынан 3-орында тұрмыз, алдымызда екі ең мықты бәсекелесіміз бар. Алдағы уақытта осы позициямызды одан әрі жоғарлатамыз деген сенімдеміз", – деді ол.
Айта кетейік, Kazakhstan Marketing Conference — кәсіби маркетологтар жиналып, тәжірибе бөлісіп, салаға қатысты тақырыптарды талқылауға және жылдың үздік мамандарын марапаттауға арналған платформа.