Желіде бет әлпеті ерекше қазақтар талқыға түсті (видео)
Әлеуметтік желілерде бет-әлпеті өзгеше болғандықтан, өзге елдің азаматына ұқсайтын қазақстандықтарды сіз де байқаған боларсыз. Көпшіліктің таңданысын тудырған мұндай жандар Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өздерінің қазақ екенін айтып қана қоймай, сырт-келбеті туралы жиі қойылатын сұрақтарға да жауап берді.
Фото Алихан Сембінің желідегі парақшасынан
Әлеуметтік желіде өзі қазақ болса да, бет-әлпеді өзге ұлт өкіліне ұқсайтын қазақстандықтар елдің талқысына түсті.
“Қазақ екеніне таң қалып отымын”, “Мүмкін емес, ата-анасы орыс шығар”, “Түрі орыс, тілі қазақ біртүрлі екен”, “Кәріс деп ойласам, өзіміздікі екен ғой”, “Былай қарасаң Ли Сан Ли сияқты, сөйтсем өзіміздің Бека екен ғой”, “Өзге ұлтқа ұқсайтын қазақты бірінші көруім, таза қазақ емес шығар”, – деп жазған.
“Мен қазақпын, бірақ сыртқы келбетім өзгеше”
Алихан Сембі, жасы 18-де. Студент. Астана қаласында тұрады. Әлеуметтік желіде өте белсенді. Қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ата-анасы да, өзі де қазақ. Алиханның айтуынша, оны бір көрген адам орыс немесе неміс ұлтының жігіті деп ойлайтын көрінеді. Қанша ақталсам да, ешкім қазақ екеніме сенбейді дейді.
“Менің ұлтым – қазақ! Бірақ адамдар менің сыртқы келбетіме қарап, орыс немесе неміс ұлтына ұқсатады. Менің әкем қазақ, анам қазақ, одан туған мен әрине қазақпын. Адамдармен танысқанда үнемі қызық жағдай болады. Менімен қазақша емес, орыс тілінде сөйлесіп кетеді”, – дейді Алихан Сембі.
Алихан отбасында бес ағайынды. Бірақ түр келбетіміз бір-бірімізге мүлде ұқсамайды дейді. Әлеуметтік желіде сары, көзі көк болғаны үшін, ежелгі қазақтардың ұрпағы деп жазатындар көп екен.
“Әлеуметтік желіде, өмірде кездескен жандар маған бұрынғы қазақтардың көзі көк, шашы сары болған деп айтады. Бірақ мен оны қалыпты жағдай ретінде қабылдаймын. Себебі мен тарихшы емеспін ғой. Мүмкін мүлде ондай болмаған шығар.
Мен – үйдің үлкенімін. Кіші қарындасым маған ұқсайды, қалған бауырларым мүлде бөлек. Қазір желіде өте белсендімін. Ешкімнің сөзін тыңдамаймын. Елімнің мақтанышы болғым келеді”, – дейді Алихан.
Алиханның келбетін орыс, неміс ұлтына теңесе, Бейбарыс Алмаханды жұрт кәріске ұқсататын көрінеді.
Фото Бейбарыс Алмаханның желідегі парақшасынан
“Қазақ екеніме ешкім сенбейді”
Бейбарыс Алмахан, жасы 18-де. Кентау қаласының тұрғыны, қазір Корея елінде фотомодель болып жұмыс істейді. Ол біршама әлемдік журналдарға шығып, сән индустриясының дамуына үлес қосып жүр. Бала кезден көзім қысық, құлағым қалқан болған соң достарым қытайға теңесе, өсе келе сыртқы келбетім өзгерді ме, кәріске ұқсатып жатады. Бірақ өзім де, ата-анам да қазақ дейді Бейбарыс.
Фото Бейбарыс Алмаханның желідегі парақшасынан
“Кореяда менің қазақ екеніме ешкім сенбейді. Сен қазақ емес, өзіміздің кәріс жігітісің деп айтып жатады. Бірақ мен оларға елім туралы айтып, қазақ екеніме сендіремін. Бала кезден түрім кәріске ұқсайды. Кейін Корея еліне жұмыс істеуге келген соң стиль, шаш үлгім өзгерді. TikTok желісіне жақында ғана тіркелдім, бірақ оқырмандарым өте белсенді”, – дейді ол.
Бейбарыс сән индустриясында бірнеше жылдан бері қызмет етеді. Ай сайын бір жарым миллион табыс табады. Бүгінде оның қолтаңбасы танымал брендтік киімдерге қойылған.
Мені суретке түсіретін фотографтар мені этно-кәріс деп ойлайды. Мен ақталып, өз ұлтым туралы айтудан шаршамаймын. Еңбек етуден ешқашан қашпағанмын. Өз арманыма сеніп, өзімді сән саласында қалыптастырып жатырмын. Достарым үнемі “қыз секілді болмайтын дүниемен айналыспа” дейтін. Бірақ өзімнің сыртқы келбетімді қабылдап, ерекшеліктерімді табыс табуға пайдаланып жүрмін. Корея елінде үш ай болып, елге қайтамын. Ұсыныстар көп. Менімен қатарлас жолдастарыма айтарым: өз қабілетің мен келбетіңнен ұялмай, өзіңді қабылдап үйрен” , – дейді ол.
Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнасынан көріңіздер!