"Қаза болды деп тануды ұсындық": Министр Жамбылдағы жарылыстан кейін жоғалған әскери туралы мәлімдеме жасады
Жамбыл облысындағы жарылыс кезінде із-түссіз жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевті іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі әскеридің отбасына оны қаза болды деп тану туралы ұсыныс жасаған. Бұл туралы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қысқы уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты іздеу жұмыстары тоқтаған.
"Мен оның жақындарымен кездестім. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы уақытта біз іздеуді тоқтаттық. Қазір жұмыс қайта жанданды. Әскери қызметкердің қалдықтары жайлы сөз қозғағымыз келмейді, бірақ жұмыстар жалғасуда. Егер де ол жарылыстың эпицентрінде болса, ол жерде ештеңе қалмауы мүмкін емес", - деді министр.
Жақсылықовтың айтуынша, алда әлі ауқымды жұмыс күтіп тұр. Мамандар жерді жіті тексеріп, топырақты електен өткізуі керек.
"Бұл – үлкен шығын. Уақытты да, адамдар күшін де талап етеді. Отбасының жағдайын түсінемін. Оларға із-түссіз жоғалды деп қаза болды деп тану туралы ұсыныс жасадық. Сонда қарулы күштер тарапынан да төлемдер жасалады. Отбасын түсінеміз, сондықтан іздеуді жалғастырамыз. Тек біз емес, ішкі істер органдары жұмыс істеуде", - деді Жақсылықов.
Журналистер әскери қызметкердің қашып кетуі мүмкін деген болжам қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.
"Қайда қашып кетті? Конспирологиялық болжамдарды қарастырмай-ақ қояйық", - деді министр.
Еске сала кетейік, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев 2021 жылдың 26 тамызында Тараз маңындағы әскери бөлімше қоймасында болған жарылыс кезінде жоғалып кетті. Дәуітбаев - жарылыстан кейін табылмаған жалғыз адам.