Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмір сүруге ақша жетіспейді": Павлодар облысында мыңдаған отбасы азық-түлік себетін ала алмай жүр

Павлодар облысында жыл басынан бері мыңдаған отбасы азық-түлік себетін ала алмай келеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын барлық адамға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Оған 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік жинақтары мен тұрмыстық химия кіреді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Екі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Салтанатқа көмектесіп, кеңес беретін ешкім жоқ. Өмір сүруге ақша жетпейді, отбасының өз пәтері жоқ. Олар кішкентай бөлмені 40 мың теңгеге жалға алады. Ол басқа да мұқтаж аналар сияқты, жыл басынан бастап азық-түлік себеттері мен тұрмыстық химия заттарын ала алмай жүргенін айтады.

“Біз 4 ай бойы күтіп жүрміз. Бізге осы айда тоқсан үшін аласыздар деді. Бірақ біз қоңырау шалып, әкім инстаграмына жаздық. Пайда жоқ. Бармаған жеріміз жоқ. Жалпы, олар 5 ай үшін бірден аламыз деп айтты. Үнемі өзгеріп отырады. Бір ай өтті, күтіңіздер деп отыр”, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әйтімова Салтанат.

Салтанат Павлодар қаласында мұндай жағдайға түскен жалғыз адам емес. Павлодар облысында атаулы көмекті барлығы 3 189 отбасы алады. Оларға азық-түлік себеттері де қарастырылған.

“Екібастұз қаласында байқау тек химиялық құралдарына ғана өткізілді. Азық-түлік жиынтығы бойынша бүгінгі күні қайта конкурс жарияланды. 21 сәуірде жеткізуші белгілі болады. Павлодарда да осындай жағдайға тап болған азаматтар 3 айдікін  бірден алады, өйткені алғашқы конкурс өтпегендіктен, ол 14 ақпанда жарияланды”, – дейді Әлеуметтік көмек және мұқтаж азаматтарды қолдау бөлімінің жетекшісі Майгүл Рахымжанова.

Жалпы Қазақстан бойынша жыл басында АӘК-ті екі жүз мыңға жуық отбасы алады. 2020 жылдың қаңтарынан бастап бір жастан 6 жасқа дейінгі балалар кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Оған азық-түлік және гигиеналық құралдар кіреді. Азық-түлік себеті айына бір рет, ал химиялық құралдар тоқсанына бір рет беріледі. Бірақ биыл әлеуметтік пакетті барлығы ала қойған жоқ. Жергілікті билік жеткізуші тарапты қарастырып жатқандарын айтады, себебі себетті жинау үшін қазір қомақты сома қажет, ал өнімдер күн сайын қымбаттауда.

Талқылау