Қайрат Сатыбалдының қаңтар оқиғасына қатысы бар ма – Сот жауабы
Астана қаласының соты Қайрат Сатыбалдының қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдыруға қатысы бар деген айыпқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Қайрат Сатыбалдының қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Тергеу бұған қатысты айыптауды ұсынған жоқ", - делінген сот мәліметінде.
Айта кетсек, бүгін Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты.
"Жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік және мемлекеттің үлесін құрайтын ұйымдарда лауазымға орналасу құқығынан айыра отырып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын", - деген еді судья.
Сондай-ақ сот үкіміне сәйкес Қайрат Сатыбалды әскери шенінен айырылып, мемлекеттік ордендерді қайтаруға міндеттелді.
Одан бөлек, судья сотталушыға қандай айыптардың тағылғанын түсіндірді.
Мәлім болғандай, 2018-2022 жылдар аралығында Қ.Сатыбалды талан-таражға салу арқылы "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын жымқыруды ұйымдастырған. Ол үшін алдын ала сөз байласып, АҚ-ның басшылық лауазымдағы тұлғаларының қызметтік өкілеттігін пайдаланған. Орындаушылар ретінде директорлар кеңесінің төрағасы М.Мұхамбеджанұлы және АҚ президенті Г.М.Бекетов болған. Олар бақылаудағы сотталған компаниялармен жалған келісімшарттар жасап, АҚ қаражатын шығарып отырған.
"Осылайша Қ.Сатыбалды, М.Мұхамбеджанұлы, Г.М.Бекетов "Көліктік сервис орталығы" АҚ-ға 28 млрд теңгеден астам сомаға аса ірі көлемде материалдық залал келтірді", - деді судья.
Бұдан бөлек, 2018 - 2022 жылдар аралығында Қ.Сатыбалдыұлы сенімге қиянат жасау және алдау жолымен АҚ-ның ("Қазақтелеком" АҚ - ред.) мүлік иесіне мүліктік залал келтіруді ұйымдастырған. Қылмысын алдын ала сөз байласу арқылы Ч.Қоңырбаевпен және АҚ-ның корпоративтік бизнес дирекциясының директоры Л.муравьевпен іске асырған. Атап айтқанда, байланыс каналдарын бақылаудағы жалғыз әрі бірыңғай жеткізуші компания - "Qaztelcom.kz" ЖШС арқылы жоғары бағамен жалға беруді, сондай-ақ байланыс каналдарын абоненттік төлемсіз қосуды ұйымдастырған.
"Осылайша, Қ.Сатыбалдұ, Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьев АҚ-ға 12 млрд теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірді", - деді судья.
Судья Нұрлан Баяхметов тағылған айыптар қалай дәлелденгенін айтып берді.
"Қ.Сатыбалдұ, М.Мұхамбеджанұлы, Г.Бекетов, Ч.С.Қоңырбаев, Л.А.Муравьевтің кінәсі аудиторлық есептерпен, куәларды сұрау хаттамаларымен, мамандардың қорытындысымен, заттай айғақтармен, өзара есептесу бойынша бухгалтерлік құжаттармен, құжаттық тексеру актілерімен, АҚ мен бақылаудағы сотталған компаниялар арасында жасалған шарттар және оларға қосымша келісімдермен, шегерім ұсыну туралы өкімдермен, орындалған жұмыстың актілерімен расталды.
Сотта сотталушылар кінәларын толық көлемде мойындады.
"Көліктік сервис орталығы" АҚ мүлкін талан-таражға салу фактісі бойынша 28 млрд теңгеден астам көлемдегі залал соммасы толық өтелді.
"Қазақтелеком" АҚ-ға мүліктік залал келтіру фактісі бойынша 12 млрд теңгеден астам көлемдегі залал толық өтелді.
Сот отырысы барысында жәбірленушілер мен сотталушылардың арасында медиатівтік келісімдер жасалды, алайда жәбірленушілер өздерінің құқықтарын пайдалана отырып, келісімдерден кейін бас тартты.
Іс келісу өндірісінде қаралғандықтан, сот медиативтік келісімге баға берген жоқ. Сонымен қатар, қылмыстық істі қарау барысында сотта прокурор мен сотталушылардың арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалып, оған жәбірленушілер де қол қойды.
ҚПК-тің 622 бабына сәйкес сот процессуалдық келісім барлық сотталушылармен жасалған жағдайда істі келісу өндірісінде қарайды.
Бұл ретте сот процессуалдық келісімде көрсетілген жазадан қатаң жаза тағайындай алмайды.
Прокурор процессуалдық келісімді ескеріп, Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушілер азаматтық талап қоюларды қараусыз қалдыруды сұрады", - деп түсіндірді судья.
Айыпталушыларға келесідей жаза тағайындады:
- Қ. Сатыбалдыға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, 10 жылға мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, арнайы шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.
- М.Мұхамбеджанұлы мен Г.Бекетовке шартты түрде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьевке шартты түрде 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
М.Мұхамбеджанұлы, Г.Бекетов, Ч.Қоңырбаев пен Л.Муравьевке басшылық лауазым атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.