"Қайрат Сатыбалдымен араласқан соң дінге келді деген – қате пікір": Балғынбек Имашев экс-президент әулетінің салафизмге қатысын айтты
Айтыскер Балғынбек Имашев Қайрат Сатыбалды мен Бекболат Тілеуханның жат ағымға қатысы жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Білген дұрыс бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан алынды
Айтыскер Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын салафизмге қатысты айыптау қателік екенін атап өтті.
“Басында мен салафизмнің не екенін түсінген жоқпын. Әлі күнге дейін намаз оқығандардың бәрін арақ ішпесе, сақал қойса, басқа ағымда деп айыптайды. Салафизм Саудияның ресми ұстанатын діні екенін кейін білдім. Бұрынғы елбасыны, оның отбасын бұл нәрсеге айыптау – қате. Бірақ Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабекпен араласқаннан кейін дінге келді деген – қате пікір. 2000 жылдардағы айтыстарымды көрсеңіздер, бесінді қаза қылмай оқып келдім деп Айнұрға айтқан болатынмын. 11-сыныптан бастап жұма намазына барып жүрдім”, – дейді ол.
Балғынбек Имашевтің сөзінше, Бекболат Тілеуханмен ұлттық спортты басқарған сәттен бастап араласа бастаған.
“Жалпы оларды салафизмді немесе басқа бағытты насихаттады деп айта алмаймын. Өйткені біз таза ұлттық бағытта жұмыс істедік. Елдің бәрі ұлттық спортта жүргенде террористерді дайындады деп айыптады. Көкпаршыларды террористер деп атап жатыр. Олардың ондай ештеңесі жоқ. Қазақта сөз бар ғой, қазақтың жігіті көкпаршы болса ешқашан көгілдір (гей) болмайды деген”, – деді Имашев.
Айта кетейік, бұған дейін Балғынбек Имашев намазхандарды "алаяқ" деп атаған Ринат Зайытовқа ренішін білдірген еді. Алайда кейін айтыскер ақын Балғынбек Имашев депутат Ринат Зайытовпен даулы мәлімдемеге қатысты келісімге келгенін айтқан еді.