Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүмше депутат, қорқақ қоян": Балғынбек Имашев намазхандарды "алаяқ" деп атаған Ринат Зайытовпен ашық айқасқа шықты

Дәл қазір Ринат Зайытов бүкіл әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Басы даудан арылмайтын мәжіліс депутаты кезекті сұхбатының бірінде: "Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар" деп қазнетті тағы дүр сілкіндірген еді. Алайда оның бұл пікірі ақын Балғынбек Имашевтың ашуына тиген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

 
Айтыскер Балғынбек Имашев бұл жолы өзінің айтыстағы бұрынғы әріптесі Ринат Зайытовқа "Дүмше депутатқа" деп аталатын өткір өлең жолдарын бағыттап, бейнежазба арқылы ренішін білдіріпті. 

"Ей, Ринатжан, айтыста да, қай тұста да бетіңді қақпадық. Айтқыздық, ел болып батыр қылдық, Қосановпен істегеніңді кешірдік, Қошановпен жүргеніңді құптадық. "Аманатқа" қарсы кезіңде де, партияға жаршы кезіңде де қолдадық. Өз басым осы уақытқа дейін артық ауыз айтқандарыңа да, жала жапқандарыңа да, бұрыс пікірлеріңе үндемедім. Бірақ бүгінгі шулатып отырған сөзіңе арнайы үн қатпасам болмады. Сенің "маған ақпараттық шабуыл жасап жатыр" деген жазбаңды оқып, бауырымды қорғай қояйыншы деп әлеуметтік желіні ашып қарасам, "Алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырғандар – намазхан қауым. Өтірік болса бетіме айтсын" деп айды аспанға шығарыпсың. Құдай-ау, бұл не деген статистика, қандай арифметика? Мұндай сандарды қайдан алдың? Бұл саған базарға барып шемішкенің бағасын біле салатындай дүние емес қой. Өтірік пайызға шағып, халықтың миын қатырғанды қою керек", –  деді Балғынбек Имашев.


Ринат Зайытов намазхандар жайлы дәл осы пікірінен кейін соңғы күндері өзіне ақпараттық және психологиялық шабуыл жасалып жатқанын жеке парақшасында жазыпты. Бірақ депуаттың бұл сөзіне Балғынбек батырып тұрып айтқан. 

"Постыңда барша мұсылғанға жаланың жапасын жағып, "мыналар маған тиісіп, жабылғалы жатыр" деп байбалам салғаның қалай болды? Осы ер адамның ісі ме? Сонда саған аузыңа келгенді айтып, ойыңа келген жаланы жабуға болады да, саған қарсы жауап беруге болмай ма? Абай атамыздың сен сияқты эмоциясына берілген адамдарды "лап бергіш, қайта ойланғыш, көт айналғыш" деп сипаттағанын білесің. Қорықпаймын деп жазған постыңның артында елдің артына тығылып отырған қорқақ қоян көріп отырмын. Сен намазхандардан қорықпа, маңдайы сәждеге тиген Алланың құлдары саған ешқандай қиянат жасамайды. Сенің айтыста эмоциямен айтатын шумақтарыңа ашуланбаймыз. Ал сенің Мәжіліс депутаты ретінде дәлел-дәйексіз айтатын пікіріңе қарсымыз. Мешіттің ішіне көп бара қоймайтын адамның намазханның ішіне кіріп шыққандай сөйлеуіне жол болсын. Депутат – елдің қамын ойлап, сөзін сөйлейтін саяси тұлға. Сен тіл тигізіп отырған намазхан қауым да сол халықтың бір бөлшегі. Сенің сөзің бір адамға ғана емес, тіпті "Amanat" партиясы мен Парламент Мәжілісін ғана емес, жалпы Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілерін масқара етеді. Сен намазхандар мен зайырлы халықты екіге бөліп, жауластырып қойдың. Заң бойынша бұл өте ауыр қылмыс, дінде де ауыр күнә. Дін атаңнан қалған мал емес. Алла Тағала төбеңнен ұрса, отбасың мен бала-шағаңа ауыр болады", – деді Имашев. 


Депутат Ринаттың сөзіне сенсек, бүгінде оның ватсабы мен телефонына тыныштық жоқ көрінеді. Қоқан-лоққы жасап жатқандар көп екен. Бірақ депутат жүрексініп отырған жоқ. Аптасына бес күн жұмысқа жаяу барып, жаяу қайтатынын, оққағары да жоқ екенін жазып, ешкімнен қорықпайтынын айтыпты. 
Ринатқа ашуланғандардың қатары Балғынбекпен шектелмейді. КВН жұлдызы, актер әрі кинопродюсер Нұртас Адамбай да намазхандарды алаяқ деп атаған Зайытовқа видеоүндеу жолдап, оның даулы пікіріне дәлел келтіруін талап етіп, стастистиканы сұраған.   

“Мен парламент депутаты Ринат Зайытовқа үндеу жасамақпын. Депутат Зайытов, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде “алаяқтықтың 80 пайызын намаз оқитындар жасайды” деген мәлімдемеңізге дәлел келтіруіңізді сұраймын. Өз сөзіңізді дәлелдей алмаған жағдайда мен сізді жай ғана “мылжың” деп есептейтін боламын. Ал парламентте мылжыңдарға орын жоқ. Намазхандарды еш негізсіз айыптаған болсаңыз, депутаттық қызметіңізден кетіңіз. Орныңызды білікті жанға тапсырыңыз. Өз сөзіне жауап бере алмайтын адам еліміздің заң шығарушы билікте отырмау керек. Дәлеліңізді күтемін”, – деді Нұртас Адамбай. 


Stan.kz ақпарат порталы да мән-жайдың анық-қанығын білу мақсатында Зайытовтың өзіне хабарласты. Бірақ ол кісі айтқанынан қайтпақ емес. Өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында ешбір топтың алдында кешірім сұрамайтынын ашық айтқан. Намазхандар жайлы дәл осы сөзі үшін депутат Ринатты жақтап жатқандар да, даттап жақтап жатқандар да бар.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз. 

 

Талқылау