Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қанша қаржы қайтарғаны белгілі болды
Заңсыз тәркіленген активтерді қайтару жөніндегі комиссияның мүшесі Қанат Сүлейменов бұрынғы президенттің жиені Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қанша ақша қайтарғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сүлейменовтің айтуынша, 300 миллион доллардың активтері қайтарылған.
"Өткен жылдан бері барлығы 857 млрд теңге қайтарылды. "Олардың ішінде Қайрат Сатыбалды қайтарған 300 миллион доллар бар", – деді ол.
Айта кетейік, 2022 жылдың наурыз айында Қайрат Сатыбалды билігін асыра пайдаланды және "Қазақтелеком" АҚ-нан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды. Антикор тергеу барысында Сатыбалды заңсыз иемденген 240 миллиард теңгеден астам активтерді қайтарғанын хабарлады. Бұл ретте тергеушілер экс-президенттің туысының салықтан жалтару, кедендік төлемдер мен ақшаны жылыстату әрекеттеріне қатысы бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде сот Сатыбалдыны мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырды және 10 жылға мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияларда қызмет атқаруға тыйым салды. Қайрат Сатыбалды келтірілген шығынды ішінара өтеп, кінәсін мойындап, ісіне өкінген.
2022 жылдың қыркүйек айының соңында сот Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айырған еді.