Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өмірі үшін бір сағат күрестік”: Шымбұлақтағы қар көшкінінде қаза болған шаңғышыға қатысты тың деректер айтылды

Алматы тауларында қаза тапқан шаңғышы әйелдің өліміне қатысты тың деректер белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Алматы маңындағы Шымбұлақ курортынан шамамен 1 км қашықтықта, Богданович мұздығы маңында көшкін түсіп, тәжірибелі шаңғышы қыздың өмірін қиды. Үш шаңғышы курорт аймағынан тыс жерде сырғанап жүріп, көшкіннің түсуіне себеп болған. Құтқарушылардың айтуынша, көктемгі көшкіндер аса қауіпті, себебі қар өте ауыр әрі тығыз болады.

"Қар астында екі адам қалды. Бір жігіт мойнына дейін көмілді, ал әйел толықтай қар астында қалған. Оның арнайы бипері болғандықтан, үш минут ішінде табылды. Оқиға орнында болған қытайлық фрирайдшылар дереу көмек көрсетті”, – дейді құтқарушылардың бірі.

Құтқарушылар шаңғышы әйелді қар астынан тез шығарған, алайда оның өмірін құтқару мүмкін болмапты.

"Оны шамамен 8-10 минутта шығарып алды, бірақ биперден бөлек, дененің нақты орнын зондпен анықтау керек, себебі әр секунд маңызды. Олар барлығын жылдам әрі дұрыс жасады. Қар құрсауынан шығарып, тыныс алу жолдарын тазалады, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Алайда, өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Біз бір сағаттай жүрегіне массаж жасап, жасанды тыныс беруге тырыстық, бірақ нәтиже болмады", – деп түсіндірді құтқарушы.

Құтқарушылардың айтуынша, егер шаңғышының арнайы көшкін қауіпсіздік жастығы (airbag) болса, оның аман қалу мүмкіндігі жоғары болар еді.

"Егер ол көшкін қауіпсіздік жастығын тағып, оны іске қосқанда, ең болмағанда, қардың бетінде қалып, тез табылуы мүмкін еді", – дейді маман.

Қайтыс болған қыздың Instagram парақшасындағы ақпаратқа қарағанда, ол бала кезінен бастап кәсіби түрде шаңғымен айналысқан, спорт шеберіне үміткер болған. Шаңғышы Қазақстанда туған, кейін Ресейге көшіп кеткен. Соңғы 17 жылын тау шаңғысын үйретуге арнаған. Ол Алматыдағы халықаралық Универсиадада төреші ретінде жұмыс істеген.

Еске салсақ, Алматыдағы "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының маңында қар көшкіні жүріп, бір адам қаза тапқан еді.

Талқылау