Қатерлі ісіктен сақтанудың 7 жолы
Өзіңізді қатерлі ісіктен қорғау үшін, өміріңізді қауіпті канцерогендерден тазалаңыз.

Қатерлі ісікті зерттеу бойынша халықаралық агенттік күшті канцерогендер тізімін жасады. Олар обыр дертінің пайда болуын жылдамдатады. Қатерлі ісікке шалдыққыңыз келмей ме? Онда төмендегі кеңестерге құлақ асыңыз.
1. Шылым шекпеңіз
Бұл зиянды әдет 70–90% жағдайда өкпе және көмей қатерлі ісігінің себебі болып жатады. Күн сайын шегілетін темекі саны, шылым шегу ұзақтығы және ерте жастан бастау қатерлі ісікке шалдығу қаупін арттырады. Күніне бір қораптан астам шылым шегетіндер адамдардың қатерлі ісікке шалдығу қаупі шылым шекпейтіндерге қарағанда 15-25 есе жоғары. Ал шамадан көп шегетіндерге төнетін қауіп жоғарылығы – 60 есе. Сонымен қатар біздің өкпеміз үшін темекі сигара, трубкамен салыстырғанда, анағұрлым қауіптірек. «Әйелдерге арналған» темекілердің де зияны аз емес. Олардың кейбірінің құрамындағы ментол бронх қан тамырларын кеңейтеді. Нәтижесінде зиянды заттардың әсері 2 есе артады.
2. Ашық күн астында ұзақ уақыт өткізбеңіз
Бұл, әсіресе, балаларға қатысты. Мамандар күніне 15-20 минут қана күнге күюге кеңес береді. Және міндетті түрде күннен қорғайтын құрал жағу керек. Керісінше жағдайда тері қатерлі ісігіне шалдығу қаупі айтарлықтай жоғарылайды.
3. Қалыпты салмағыңызды сақтаңыз
Зерттеу жұмыстарының кейбірі семіздік және тоқ ішек пен аш ішек, өт қабы, ұйқы безі және сүт бездері қатерлі ісіктерінің арасында байланыс барын көрсеткен. АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институтының мәліметі бойынша, барлық қатерлі ісіктердің 3%-дан астамы артық салмақпен байланысты.
4. Дұрыс тамақтаныңыз
Бүтін дәнді өнімдер, балғын жеміс пен көкөністерді жиі тұтыныңыз. Өңделген еттен жасалған өнімдерден бас тартыңыз: жақын күндері ғалымдар оларды ең қауіпті канцерогендер тобына қосты. Зерттеу жұмыстарымен дәлелденген статистика адам шошытады. Өңделген еттің 50 г мөлшерін күнделікті тұтыну тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігіне шалдығу қаупін 18%-ға арттырады. Ысталған өнімдердің де пайдасы жоқ. Олардың құрамында «түтін» дәмін беретін бензапирен бар. Сонымен қатар бұл зат қатерлі ісікке алып келеді. Тағамда бензапиреннің көп мөлшерде болуы асқазан, ішек, ұйқы безі ісіктерінің дамуына алып келуі мүмкін.
5. Белсенді болыңыз
Әр түрлі елдерде жүргізілген 40-тан астам зерттеу жұмыстарының нәтижесі көп қимылдамайтын адамдардың жиі қатерлі ісікке шалдығатынын көрсеткен. Аз қимылдайтын 70 000 науқастан өкпе, тоқ ішек қатерлі ісігі мен жатыр эндометриясы табылған. Ал қатерлі ісіктің алдын алу үшін күніне 1,5 сағат тұру, жүру, спортпен шұғылдану жеткілікті.
6. Ішімдік мөлшерін азайтыңыз
Ол да қатерлі ісікке алып келеді. Ағзаға түскенде этанол ыдырап, ацетальдегид түзіледі. Салдарынан асқазан, бауыр, ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмейде ісік пайда болады. Ағылшын тілді зерттеу жұмыстары әдетте «шартты мөлшер» түсінігіне сүйенеді. Ол – 0,33 мл сыра, бір бокал шарап, бір рөмке күшті ішімдік немесе 20 г таза спиртке тең. Ғалымдар рұқсат еткен ең жоғары доза – ішімдіктің 2 «шартты мөлшері» (күніне). Ацетальдегидтің мұндай мөлшерін ағзамыз өздігінен шығара алады. десе де ішімдікті қаншалықты аз ішсеңіз, соншалық өзіңізге жақсы.
7. Бөлмедегі радон деңгейін қадағалаңыз
Бұл радиоактивті газ тастар мен топырақта болатын ураннан пайда болады. Қатерлі ісікті зерттеу бойынша халықаралық агенттік радонды ең күшті канцерогендер қатарына қосып, өкпе қатерлі ісігіне алып келетіндігін мойындады. Кей деректер бойынша, радон салдарынан пайда болатын аурулар үлесі – 6-15% аралығында. Ол үйлерімізге еден мен қабырға қосылған жерлердені саңылаулар, едендегі тесіктер, су ағатын және кәріз құбыры арқылы тап болады. Радон жертөле мен үйлердің бірінші қабатында көп мөлшерде болады. Үшінші қабаттан жоғары ауадағы шоғырлануы айтарлықтай көп емес. Сондай-ақ оның ауадағы деңгейін төмендету де оңай: бөлме ауасын жиі тазартып тұрсаңыз болғаны.