"70-ақ мың жалақы ұсынды": Жұмыс істегеннен, бала туғаным жақсы деген қазақстандық әйел не себепті ондай сөз айтқанын түсіндірді

Бірнеше күн бұрын желіде жұмыс істегеннен гөрі "тағы екі бала тауып, жәрдемақы алу" жақсы екенін айтқан әйелдің видеосы тараған еді. Видео авторы Дана Асқарова Stan.kz редакциясына сұхбат беріп, даулы мәлімдеме жасауына не себеп болғанын түсіндіріп берді.
Астаналық әйелдің айтуынша, видео тарап кеткеннен кейін оған әлеуметтік желі қолданушылары ауыр сөздер айтып, балағат сөздер жазған. Осыған байланысты ол көпшілікке жағдайдың мән-жайын түсіндіруді жөн көрген.
Үш баласы бар қазақстандық әйел жұмыс іздеп, түрлі қосымшаларға хабарландыру жариялаған. Түйіндемесінде айлық жалақысы 300 мың теңге болғанын қалайтынын көрсеткен. Бірнеше күннен кейін оған елордадағы сұлулық салондарының бірінің басшысы хабарласқан.
“Ол маған 4 сәуір күні жазып, тазалаушы қызметін ұсынды. Ал жалақысы 70 мың теңге болатынын айтты. Мен “Қазір 70 мың теңге ештеңеге жетпейді ғой, күлдірмеңізші” деп жауап бердім. Сонда ол “Жоқ, жетеді. Сен депутат емессің, сен тазалаушысың” деп жазды. Осы сөзі менің шамыма тиді”, – дейді әйел.
Әйел салон басқарушысының өзін “тазалаушысың” деп кемсіте сөйлегеніне ренжіген.
“Бұлай айтпай-ақ, жай қарапайым адамсың десе де болар еді. Иә, мүмкін, бұл шындық шығар, бірақ неге маған олай сөйлеуі керек?” – дейді ол.
Бұған қоса, Дана Асқарованың сөзінше, әйел оның орамалына тиісіп, тіпті “ауру” деп атаған. Осыдан кейін екі тараптың арасында жанжал туындаған.
“Екеуміз де бір-бірімізге балағат сөздер айттық. Бір кезде ол маған “Сені ешкім жұмысқа алмайтындай етіп желіге салып жіберемін. Содан кейін сені ешкім жұмысқа қабылдамайды” деп жазды. Мен де оны жариялайтынымды айтып, ашумен сол видеоны парақшама жүктедім”, – дейді әйел.
Қазақстандық әйелдің айтуынша, кейбір жаңалық парақшалары мен блогерлер оның үш минуттық видеосын толық тыңдамай, оқиғаның жай-жапсарын түсінбей, екі сөйлемді ғана бөліп алып таратқан. Соның салдарынан көпшілік оны қате түсініп жатыр.
“Ол видеоны өте көп адам көрді. Соның кесірінен жұрт мені жұмыс істемей, бала туып, тек жәрдемақыға өмір сүруді қалайтын адам секілді қабылдады. Негізі, менің айтпағым басқа еді. Адал еңбек етіп, 70 мың теңге алғанша, тағы екі бала тусам, соған берілетін ақшаны алар едім деген ойды жеткізгім келді. Яғни, сондай басшылардан “ауру”, “тазалаушысың” деген ауыр сөз естігенше, сол 70 мың теңгені мемлекеттен алып, үйде отырғаным артық деген мағынада айттым”, – дейді ол.
Сонымен қатар Дана Асқарова қазір де жұмыс іздеп жүргенін айтты.
“Маған қазір 25 мың теңгеге біреудің үйін жинап бер десе де, барар едім. Себебі маған ақша керек”, – деді ол.
ОқыңызМән-жайы
Еске салайық, бұған дейін әйелдің желідегі мәлімдемесі қазақстандықтардың ашуын туғызғаны хабарланған еді.
Хиджаб киген әйел сұлулық салонында еден жуушы болып жұмыс істеуге қарсы екенін айтты, себебі мұндай орындар қызметкерлерге немқұрайлы қарайды дейді. Сөзінше, үйде отырып, үкіметтен жәрдемақы алған оңайырақ.
“Қазір үш балам бар. Басқа біреуден екі бала туып алсам, бес балам болады. Сол кезде үйде жатып, үкіметтен 70 мың теңге аламын. Еден жуып, қор болғанша, түк істемей жатқан артық”, – деді ол.
Жазба қазақстандықтардың арасында пікірталас тудырды. Кейбір пайдаланушылар Қазақстанда жұмыс жағдайы мен жұмысшыларға деген көзқарастың нашар екенін атап өтті. Дегенмен көпшілік әйелді сынға алды. Олар тек жәрдемақыға сену дұрыс емес екенін және балалардың болашағына жауапкершілікпен қарау керегін, тұрақты табысты қажет ететінін атап өтті.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 876,8 мың адам қамтылған. Көпбалалы отбасыларға 629 мың отбасыға 99,4 миллиард теңге төленсе, марапатталған аналарға 247,8 мың адамға 14,6 миллиард теңге берілді.
Көпбалалы отбасының жәрдемақысын 4 және одан көп бірлесіп тұратын кәмелетке толмаған балалар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу формасындағы студенттері бар отбасылар ала алады. (табысқа қарамастан)
2026 жылғы көпбалалы отбасыға төлем мөлшері:
- 4 бала: 16,03 МРП немесе 69 330 теңге;
- 5 бала: 20,04 МРП немесе 86 673 теңге;
- 6 бала: 24,05 МРП немесе 104 017 теңге;
- 7 бала: 28,06 МРП немесе 121 360 теңге;
- 8 және одан көп бала: әр балаға 4 МРП немесе 17 300 теңге.