Жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген блогер Қостанайда төбелесіп қалды

Жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген блогердің басы тағы да дауға қалды. Ол қала тұрғындарымен төбелесіп қалған. Оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанайда блогер бір қызды соққыға жыққан. Оқиға сәтінен видеолар желіде тез тарап жатыр. Жарияланған кадрлардан төбелеске блогердің туыстары да қатысқанын көруге болады.
Полиция мәліметінше, барлық қатысушы оқиға орнында ұсталып, бөлімшеге жеткізілген.
“Алдын ала анықталғандай, екі қыз арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталған. Кейін кездесу барысында дау төбелеске ұласқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижесіне қарай әр қатысушының әрекетіне заңға сәйкес баға беріледі”, – деді Қостанай облысы ПД баспасөз хатшысы Индира Нуруева.
Сондай-ақ блогер полиция бөлімінен видео жариялағанымен, кейін оны өшіріп тастағады.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген қазақстандық блогердің басы дауға қалғаны хабарланған еді. Блогер аутизммен туылып, қатерлі ісікке шалдыққан балалардың сырқатын оның әке-шешесінің бұған дейін бей-берекет жыныстық қатынасқа түскенінен дейді.
Оның бұл мәлімдемесі көпшіліктің, әсіресе аутизмі бар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарының ашу-ызасын тудырды.
Кейін осы сөздері үшін астаналық блогер ұсталды. Сотта блогер кінәсінің бір бөлігін мойындады: әдепсіз сөздер қолданғанын растады. Бірақ балаларды қорлауға ниеті жоқ екенін айтты. Оған даулы пікір айтқаны үшін 78 мың теңгеден аса айыппұл салынды.