Каспий теңізі тартылып барады: Ғарыштан түсірілген фотода теңіз түбі көрінді (фото)
Каспий теңізі тартылып барады. Спутниктен түсірілген суреттер Қазақстан акваториясының солтүстік бөлігінде теңіз түбінің ашылғанын көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Каспий теңізінің жай-күйіне ғарыштық мониторингті қазақстандық мамандар соңғы 15 жылдағы мұрағаттық ғарыштық зерттеулер деректері негізінде жүргізді.
Жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша соңғы 15 жылда Каспий теңізінің Қазақстандық секторының акваториясы айтарлықтай қысқарды (7,1%-ға). Төменде Қазақстан Республикасының шекарасында 2008-2023 жылдар аралығындағы су бетінің ауданындағы өзгерістер динамикасы көрсетілген. Қазақстан бөлігіндегі Атырау қаласына жақын жерде (Жайық өзенінің атырауы) теңіздің кең тартылған аудандары байқалады.
Каспий теңізінің Қазақстандық секторының су беті ауданы 2008 жылы 113 866,67 км2, 2023 жылы 105 745,23 км2 құрады
"15 жыл ішінде әртүрлі уақытта түсірілген ғарыштық суреттердің анализі су беті ауданының азайғанын анықтады, бірақ теңіз деңгейі төмендегені де мүмкін, бұл жан-жақты кешенді зерттеуді қажет етеді. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі экожүйеге де, теңіз шаруашылығына да әсер ететін бірқатар жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. ЖҚЗ мәліметтері бойынша ең осал орын Атырау қаласына жақын жердегі Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігі болып табылады", - деді компания өкілдері.