Автосақтандыру туралы кеңінен тараған 7 миф
Автосақтандыру, КАСКО туралы естігенде не ойлайсыз? Кейбір адам мұны артық шығын деп санайды. Дегенмен автосақтандыру, керісінше, көлік иесіне ақшасын үнемдеуге, күтпеген жерден пайда болған қиын жағдайын шешіп беруге көмектеседі. Бүгінгі материалда Stan.kz агенттігі автосақтандыруға қатысты көпшілік арасында тараған мифтерді шолып, олардың не себепті жаңсақ пікір екенін түсіндіріп береді.
Фото: freepik.com
1-Миф: ”Сақтандыру өтемақысын күткенше, өзің төлей салған тиімді”
Кейбір адам өзінің не өзгенің көлігін зақымдап алса, мәселені тез шешу үшін өзара келісіп, өз бетімен шығынын төлей салғанды оңай, тез әрі тиімді деп есептейді. Иә, шынымен-ақ, сіз мәселені тез ретке келтіруіңіз мүмкін. Бірақ бұл қалтаңызға ауыр салмақ болып түсетіні анық. Оның үстіне, көлік қатты зақымдалған болса, әр бөлігін жөндетіп, әуреге түсесіз. Ал автосақтандыруыңыз болса, сақтандыру компаниясының мамандары көліктің жағдайын қарап, өтемақы төлеп, оны жөндеп беруге себепші болады. Жүргізуші құжаттарын дұрыс тапсырса, белгілі бір мерзім ішінде көлік жөнделеді. Сабыр түбі – сары алтын демекші, кейде сәл күте салған тиімді болатынын ұмытпаңыз. Жүргізуші мәселені өз бетімен шешіп, көлікті жөндеуге берген соң өтемақыны талап ете алмайтынын ескергені жөн.
2-Миф: “КАСКО тек жаңа көліктер үшін керек”
“КАСКО тек жаңа көліктерге керек” деп есептейтіндер бар. Дегенмен бұл – қате пікір. Біріншіден, ескі көлік мініп жүрген адам да кенеттен жол апатына ұшырауы мүмкін. Екіншіден, кейде апат немесе оқыс жағдайда ескі көліктің тез зақымдалатынын ұмытпаған жөн. Үшіншіден, кей уақытта ескі көлікті жөндеу үшін қымбат немесе көп жерден табыла бермейтін бөлшектер қажет болуы мүмкін. Мұндай кезде автосақтандырудың, нақтырақ айтқанда КАСКО-ның болғаны артық етпейді. Осындай жағдайда көліктің КАСКО автосақтандыруы болса, осы шығынның бәрін өтеп береді.
3-Миф: “Көліктің міндетті сақтандыруы болса, КАСКО-ның қажеті жоқ”
Міндетті сақтандыру полисі сіз кінәлі болып, өзге біреудің көлігін бұзып алсаңыз, сол адамның көлігін жөндеп беруге кететін қаржыны өтеуге көмектеседі. Ал КАСКО жүргізуші кінәлі болсын немесе болмасын, оның да көлігін жөндеп береді. Оған қоса КАСКО тек жол бойындағы апаттағы емес, басқа да қауіптердің зардабын шешуге көмектеседі. Мәселен, көлікті ұрлап кетсе, табиғи апаттан көлік зақымдалса, үстіне ағаш құласа, өртеніп кетсе, тіпті толық қирап, сау жері қалмаса да сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға мүмкіндік бар.
4-Миф: “Бұрын апат кезінде сақтандыру компаниясын шақырмасаң, келесі жағдайда олар өтемақы төлемей қояды”
Бұрын бірнеше рет көлігіңізді зақымдап алдыңыз не апатқа ұшырадыңыз, бірақ ол жағдайды өз бетіңізбен шештіңіз делік. Дегенмен осы жолы автосақтандыру компаниясына хабарласып, өтемақы алуыңызға болады. Себебі автосақтандыру компаниясы бұған дейін олардың қызметін қолданып-қолданбағаныңызға қарамастан көмек береді.
5-Миф: “Көліктің ұрланғаны туралы іс жабылып қалса, сақтандыру компаниясы өтемақы төлемейді”
Бұл – кезекті миф. Жүргізушінің көлігін ұрлап кетсе, ол бірден мұны ішкі істер органына хабарлауы керек. Ал адам сақтандыру компаниясынан ақша өндіргісі келсе, сақтандыру компаниясына полицияның істі жүргізіп-жүргізбегенін көрсететін құжатты, көлікті ұрлау қылмысына қатысты басқа да құжаттарды өткізуі қажет. Оған қоса тіркеу куәлігі сияқты көліктің түпнұсқа құжаттары, көліктің кілті немесе сигнализацияның пульті сияқты заттың бәрі керек. Құжаттың барлығын дұрыс тапсырса, оған өтемақы төленеді. Автокөлік табылған жағдайда сақтандырушы автокөлік иесінен автокөлікке меншік құқығын беру туралы нотариалды расталған міндеттеме алуы керек.
6-Миф: “Апат кезінде сақтандыру компаниясына хабарласудың қажеті жоқ, сақтандыру полисіңнің болғаны жеткілікті”
“Апат кезінде сақтандыру компаниясына хабарласудың қажеті жоқ, сақтандыру полисіңнің болғаны жеткілікті” деп ойлайтындар бар. Дегенмен бұл – жаңсақ пікір. Белгілі бір жағдайға ұшырап қалғанда міндетті түрде әуелі сақтандыру компаниясына хабарласып, оларға мән-жайды түсіндіру керек. Сақтандыру компаниясына уақытылы хабарламаған жағдайда өтемақы берілмей қалуы мүмкін екенін ұмытпаңыз.
7-Миф: “Сақтандыру компанияларының бәрі бірдей”
Әр сақтандыру компаниясының полисінің құны мен шарттары әртүрлі болуы мүмкін. Оған қоса әрқайсының өз акциялары мен ерекше ұсыныстары болады. Мәселен, Halyk сақтандыру компаниясы түрлі акция ұйымдастырып отырады. Қазір олар КАСКО-ның стандарт түріне 50%-ға дейін жеңілдік беріп жатыр. Егер бір оқыс жағдай болса, жеңілдік сомасы өтемақыдан ұсталынып қалады. Полис мерзімі біткенше ешқандай күтпеген жағдай болмаса, жүргізуші екі есе арзан төлеген болып саналады. Оған қоса Halyk қолданбасы арқылы сақтандыру полисін бөліп төлеп алуға болады. Ал көлікті сақтандыру үшін видео-онлайн арқылы тексеруден өте салуға мүмкіндік бар. Олар КАСКО-ның бұл түрі арқылы 50 000 000 теңгеге дейін өтемақы төлей алады. Ал КАСКО-ның VIP нұсқасы бойынша көлігін сақтандырғандарға 80 000 000 теңгеге дейін өтемақы төлейді.
Қорытындылай келе, автосақтандыруға қатысты алып-қашпа әңгімеге күмәнмен қараған жөн. Оның орнына сақтандыру компаниясына барып, білікті мамандардан кеңес алып, егжей-тегжейлі біліп алған жөн.