Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев үш министрге сөгіс жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында сауда, ауыл шаруашылығы және экология министрлеріне сөгіс жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

министрлер

Президент сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке елдегі қант бағасы мен тапшылығына байланысты сөгіс жариялады.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге – 7-ден 43%-ға дейін өсірмекші. Алайда соңғы 4 жылда қант қызылшасының аумағы 3 есеге қысқарған. Біз қазір қант импортына 90%-ға тәуелдіміз. Мұнда Еуразия экономикалық одағының шешіміне сілтеуге болады, дегенмен қандай жағдай болмасын бұл – үкіметтің үлкен қателігі. Демек біз мемлекет мүддесін қорғай алмадық. Сондықтан министрлер Бақыт Смағұлов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын", – деді президент. 

Ал экология министрі Серікқали Брекешевке киіктерді атуға қатысты асығыс шешім қабылдағаны үшін сынға алып, сөгіс жариялады.

"Бұл соңғы шешім емес. Аталған мәселеге кәсіби тұрғыдан қарау керек. Қаржы бөлінді. Алайда бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте, біліктілік жоқ па, әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын”, – деді Тоқаев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасады.

Мемлекет басшысы министрдің Ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтты. Ол үкіметтен Ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауды сұрады.

"Цифрландыру ісі баяу жүргізілуде. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған "Зерде" ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде премьер-министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз", – деді Тоқаев.

Талқылау