Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды

Астанада 3-4 шілде күндері өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Мәртебелі мейманның келу құрметіне Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы мемлекет басшыларына рапорт берді. Осыдан кейін президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Әнұрандар аяқталған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин кілемше бойымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туына барып, бастарын иіп ілтипаттарын білдірді. Дәл қазір мемлекет басшылары шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Сапар аясында жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Ауғанстан, Беларусь, Моңғолия мемлекеттері сырттай бақылап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері кіріп отыр. Ал әзірге өңірдегі Әзірбайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Мальдив, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка мемлекеттері ортақ диалог мәселесінде серіктес елдер қатарында тұр.

Астанадағы саммит жаңа форматта өтеді. Онда 16 мемлекеттің басшысы сөз сөйлейді. Бұның барлығы Қазақстан төрағалық етіп отырған ұйымның беделін көрсетіп отыр. ШЫҰ негізгі мақсаттары – қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту, аймақтық ынтымақтастықты дамыту, халықаралық қақтығысты болдырмау және реттеу, есірткі саудасы, терроризм және сепаратизммен күрес.

Бұған дейін Қытай басшысы Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қолдау білдіретінін айтқан еді.

Талқылау