Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарт анасының есебінен күн көрген": Алматыда ер адам анасын соққыға жыққаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды

Қарт анасын ұрған алматылық тұрғын 10 тәулікке қамауға алынды. Оны маскүнемдікпен мәжбүрлеп емдеу мәселесі бойынша сот отырысы жоспарланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: НеМолчи

“НеМолчи” қорының  негізін қалаушы Дина Таңсәрінің айтуынша, желіде еш жерде жұмыс істемейтін, өз анасын үнемі соққыға жығып, оның есебінен өмір сүретін маскүнем ұл туралы ақпарат тарады. Ер адам соңғы рет анасын 1 мамыр күні түстен кейін соққыға жыққан. 

"Айқайлап көмек сұраған дауысты естіген көршілері пәтерді іздеген. Пәтерді тауып, ішке кірмек болған кезде ер адам есікті ішінен ашып, қашып кетпек болған. Есік сынған. Себебі ер адам үйге үнемі есікті сындырып кіреді екен", – делінген хабарламада.



Зейнеткердің сөзінше, бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Ұлы оның есебінен өмір сүріп, еш жерде жұмыс істемейтін көрінеді. Сондай-ақ қария бұған дейін де бірнеше рет полицияға жүгінген. Алматы полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, құқық бұзушы 10 тәулікке қамауға алынды. 13 мамырда Медеу аудандық азаматтық сотында оны маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу мәселесі бойынша сот отырысы өтеді", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағандының бұрынғы әкімі, белгілі саяси және қоғам қайраткері Шәймерден Оразалиновтың әйелін өз ұлы ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған еді. 

Талқылау